Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы қыздар педагогикалық университетінің студенттері жатақханада қандала қаптағанына шағымданды

Алматыдағы қыздарға арналған әйгілі оқу орнының жатақханасында қандала қаптап кетті. Бірнеше айдан бері қансорғыш жәндікке таланып келген студенттер жанайқайларын туыстары арқылы жеткізуде. Өйткені өздері айтатын болса оқудан қуыламыз деп қорқады. Ал оқу орны басшылары не дейді?

Алматыдағы қыздар педагогикалық университетінің студенттері жатақханада қандала қаптағанына шағымданды

Түрін көрсетпеуді өтінген Гүлназ есімді келіншек сіңлісінің Қыздар мемлекетік педагогикалық университетінде оқитынын айтады. Оның жатақханасындағы студенттерді қандала талады деп шырылдап жүргеніне екі айдың жүзі болған. Алайда оқу орнының басшылығы ешқандай шара қолданбағанына қапалы. Пәтер жалдап тұратын келіншек кезінде қансорғыш жәндіктерден өзі деп зардап шеккендіктен, қыздардың жанайқайын жақсы түсінемін дейді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Ішінде дезинфекция жүріп жатыр деп маған қоңырау шалды. «Үйге кел ендеше», – дедім. Үйге келіп еді, ертесіне қайтып барды біткен болар деп. Бітпеген, тағы да сондай қайталанды. Үйіме қайтып келіп еді, маған жұқтырды.

Бір аптадай менің үйімде болды. Екі-үш киіміңді алып келе ғой, кішкене мен дезинфекция жасап, өзім тазалап берейін деп айттым», – дейді студенттің туысы Гүлназ.

Қандала университеттің №5 жатақханасын жайлаған екен. 90 бөлмелі студенттер үйінде 500 студент тұрады. Оқу орны басшылығы тәлімгерлердің жатын орнында қансорғыш жәндіктің бар екенін жоққа шығармады. Жылына бірнеше мәрте дезинфекция жұмыстарын жүргіземіз деп ақталды. Бірақ оны растайтын құжаттарын көрсете алмады.

«Санэпидстанциядан дәрілейтін келісім-шартымыз бар. Сол кісілер келіп, өз нормасымен дәрілеп тұрады. Жұма күнге шақыртып қойғанбыз. Сол жұма күні келіп, дәрілеп, тазартып береді. Ал енді жалпылама жаздық және қыстық каникул кезінде бүкіл жатақхананы дәрілеу жұмыстарын жүргіземіз», – дейді университеттің проректоры Ербол Жұрынов.

Қазір жатақханадағы қандала шыққан бөлмелер босатылып, онда тұратын қыздар көшіріліпті. Ал көрпе-жастықтарын далаға шығарылған. Алайда мамандар қансорғыш жәндіктер тек минус 40 градуста ғана өлетінін айтады. Алматыда күннің температурасы ары кеткенде минус 4-5 градустан төмендемейтінін ескерсек, бұл әдіс тиімсіз болмақ. Сондықтан жатақхананы тек дәрілеу қажет. Оның өзіне студенттерден ақша жинайды дейді арызданушылар. Бірақ оқу орны басшылығы бұл жұмыстар мекеме есебінен жүргізіледі деп сендірді.

«Бізде дезинфекция жасайын деп жатыр деді. Мың теңгеден ақша жинағанын айтты», – дейді студенттің туысы.

«Дезифекция жасау үшін студенттерден ақша жинайды деген шындыққа жанаспайды. Ол өтірік деп есептеймін», -дейді ҚазМемҚызПУ проректоры Ербол Жұрынов.

Қандала күндіз көрпе-төсек пен қуыс-қуыста тығылып, адамдар шырт ұйқыға кеткенде ояна бастайды. Сондықтан оның шаққанын ұйқыдағы адам сезбей қалады. Қыздардың туыстары түні бойы тыным бермейтін жәндіктерден қауіпті аурулар жұға ма деп қауіптенуде.

«Жаппай түнде мазалап, шағады. Сондықтан қандала шаққан жер қышиды. Әртүрлі дерматиттер пайда болады. Сондай қолайсыз жағдайлар туады. Негізі бұл қандала басқа айтарлықтай жұқпалы ауруларды жұқтырмайды», – дейді қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Саят Қауметбаев.

Университет басшылығы осы аптадан қалдырмай жатақханадағы қандаланы түп тамырымен жоюға бекніп отыр. Ал мамандар болса қансорғыштар бір ұя салған жерінен оңайшылықпен кете қоймайтынын ескертуде.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау