Алматыда 24 жастағы жігіт бушлаттың арқасында бір отбасын ажалдан аман алып қалды

Алматы қаласындағы Жетісу ауданына қарасты 1 май көшесінде орналасқан екіқабатты жатақханалардың бірінен өрт шығып, ойда жоқта тұрғындарды әбігерге салды. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-жаттығу орталығының жүргізуші-механик маманы Нұрғанат Дүйсен Stan.kz тілшісіне тілсіз жаудан түгелдей бір отбасыны қалай аман алып қалғанын айтып берді.

Кешқұрым орын алған өрт әп-сәтте-ақ жатақхана ішін өрт көк түтінге орады. От жалын тіпті үйдің шатырына қарай шарпыды. Осындай қысылтаяң сәтте бірі өрт қызметінен көмек сұрап жатса, бірі іште қалған құжаттарына алаңдап, әуре-сарсаңға түсуде. "Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы" демекші, телефон арқылы видеоға түсіріп жүргендер де табылды.  

Жауынгердің жұмыстан қайтып келе жатқан беті сол еді. Кенет жанұшыра айқайлаған дауысты естіді. Көз алдында үй өртке оранып барады. Бірден оқиға орнына қарай жүгірді.

«Екінші қабатта балаларым қалды, құтқарыңдар, өтінем құтқарыңдаршы» деп әркімге жанұшыра жалынып, көмек сұраған ананың халі тіпті аянышты еді. От жалынның ортасына кіріп кетуге ешкім дауалар емес. Ал отан қорғаушы Нұрқанат болса, әйелден балалардың қай бөлмеде қалғанын біліп, оларды құтқаруға бел шеше кірісіп кетті.

«Айқайлап жылап тұрған ана мен үйге кірген кезде бірден батылдана түсті. Сөйтіп үйге менімен ілесе кірді. Сасқаны сол кілтінің қайда қалғанын да білмейді. Тез арада есікті сындырып ішке ендік. Бушлатыма орап 6-3 жас аралығындағы екі баланы сыртқа аман алып шықтым. Қайта оралмақ болдым. Бірақ қоюлана түскен қызыл жалын мұрша бермеді. Бар ойым: үйде қалған бір жасар қыз бен анасын қайткен күнде де аман алып қалу болды. Содан екінші қабатта орналасқан әлгі үйдің терезесін таспен сындырдым. Шарасыз халде тұрған анадан қызды сыртқа лақтыруын сұрадым. Екінші қабаттан лақтырылған қызды бушлаттыммен қағып алдым. Ендігі кезек анада еді. Жиылған халық жабылып, ол кісіге де секір деп айқайлап жатты. Балалары үшін бар күш-жігерін салған ананы да әскери киімнің көмегімен қағып алдым. Өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін. Бұл менің – азаматтық борышым. Шынымды айтсам, бір отбасының оттан аман қалғанына қатты қуандым», – дейді отан қорғаушы Нұрғанат Мұратұлы.

Оқиға орын алған жерде ешбір адамға айтарлықтай зақым келмеген. Артынша өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды көрші үйлерге таратпай сөндіріп үлгерді. Жергілікті жұрт қиын-қыстау шақта тез шешім қабылдаған батыр жігіт Нұрқанаттың ерлігіне ерекше тәнті болды.    

  

Ал, өрттен аман қалған ана болса, қайсарлық танытқан жігітке өзі мен үш бірдей баласын ажал тырнағынан арашалап қалғаны үшін шексіз алғысын білдірді.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Асқар Мұстабеков жеке құрам алдында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың Алғыс хатын қатардағы жауынгер Дүйсен Нұрғанатқа салтанатты түрде табыстады. Әскери институт басшылығының арнайы алғыс хаты батыр ұлды тәрбиелеп өсірген оның Жаркенттегі ата-анасына да жолданды.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр