Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында «дипломмен ауылға» барғандар мемлекетке 20 млн теңгеден астам берешек болып қалған

Алматы облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасынан шу шықты. Ол бойынша туып-өскен жерін көркейтуге барған 135 маман мемлекетке 20 млн теңгеден астам берешек болып қалған. Бұл - баспана алу үшін берілген жеңілдетілген несиені уақытына төлемегендері үшін қосылған үстемақы көрінеді. Алайда осындай жағдайға тап болған мұғалімдер мен дәрігерлер, ветеринарлар 9 жылдан бері қарызын еш кешіктірмей, уақытында төлеп келгенін айтады. Осылай деген олар қомақты өсімпұлдың қайдан шыққанын білмей дал болуда.

Алматы облысында «дипломмен ауылға» барған жастар мемлекетке 20 млн теңгеден астам берешек болып қалған

Азамат Тілеулиев 2010 жылы апатты жағдайдағы үйді 830 мың теңгеге сатып алған. 9 жыл ішінде несиесінің 500 мың теңгесін төлеген. Несиесінің пайызы 700 мың теңгеден асып жығылады. Бұл қарыздың қайдан пайда болғанын түсіне алмай дал, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы»

Үш баласы бар Азамат 80 мың теңге айлығы шайлығынан артылмайтынын айтады. Соның өзінде олардың аузынан жырып, несиені уақытында төлеп жүр екен. Алайда не үшін өсімпұл қосылғанын білмейді. Себебін білмек болып «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау» қорына барыпты. Қарызы 400 мың, өсімпұлы 300 мың теңгеден асып кеткенін естігенде есінен танып қала жаздаған. Сөйтсе, бұл бергі жағы екен. 

«Мұның сыртында менің 9,5 жылда төлеген 817 мың ақшам, төлемім түгел түскен. Таратылған кезде түгел қарыз болып кеткен. Оның сыртында 817 мың тағы бар дейді. Сонда есептей беріңіз. 890 мың дегеніңіз 15 жылға құйылатын болса, сонда әрі қарай тағы 15 жыл құйуым керек пе?» - дейді ауыл тұрғыны Азамат Тілеулиев.

Аудан екіге бөлінбей тұрған кезде, яғни 2010 жылы Райымбек ауданына 260 жас отбасы қоныс аударған екен. Дені білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салысының мамандары. Қазір олардың 50 пайыздан астамы мемлекетке 20 миллион теңге қарыз. Жас отбасылар бастапқыда несиелерін өздері төлеп келіпті. Кейін бухгалтерия жалақыларынан аударып отырған. 

«2019 жылдың қаңтар айында біздің бухгалтерияға есеп келеді. Біз қандай есеп екенін білмейміз. Сол жерде менің күйеуімнің атына 513 мың өсімпұл келеді. Түсінбедік! Біз ай сайын төлеп отырмыз. Қолымызда түбіртегіміз бар, барлығын алып, қорға бардық. Ондағылар «басымды қатырмаңдар» деп шығарып салды», - дейді ауыл тұрғыны Медина Дүйсенбайқызы. 

Аудандық білім бөліміндегілер де несие ақшасы уақтылы аударылып отырғанан жеткізді. Бірақ өсімпұлдың қайдан шыққанын олар да білмейді екен.

«Несиеге қарыз адамдар өз өтініші негізінде бухгалтерияға менің жалақымнан ұстап отыр деп өтініш берген. Ал біздің бухгалтерия бойынша ай сайын аударылып отырған. Бірақ өсім пайызы 1 маусымда келіп отырғандықтан, қандай өсім берілгенін, қалай өсіп кеткенін түсінбейміз», - дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Нұрбол Көншібаев.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры Алматы облысы бойынша 3 мың отбасына несие беріпті. Соның ішінде мың отбасы уақтылы төлемеген деп отыр. Олар «бар гәп несие алушылардың өздерінде» дейді

«Егер өсімпұл жүрсе, ол несие алушының тікелей міндеті. Өзінің кешіктіруі салдарынан шыққан бәле. Несиені алды ма, қорға жеткізу керек! Оның міндеті. Уақтылы жетпесе, 0,1 пайыз қосылатыны келісім-шартта қарастырылған», - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Әмір Қамыранбай.

Борышкерлер базыналарын айтып, құзырлы органдарға да шағымданыпты. Бірақ еш нәтиже жоқ.  Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» басшылығы сотқа жүгініп, барлық қарызды өсімпұлымен бірге өндіріп алмақ ниетте.

Талқылау