Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында балалардың ұрланып, оқушының өлтірілгені рас па? Полиция жауап берді

Алматы облысында Талдықорғанның екі тұрғыны ұсталды. Олар оқушының өлтіріліп, балалардың ұрланғаны туралы жалған хабарлама таратқан деп күдіктеліп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Мамыр айының басында WhatsApp мессенджерінде Талдықорған маңындағы көпірлердің бірінің астынан жасөспірімнің қатыгездікпен өлтірілген денесі табылғаны туралы дыбыстық хабарлама тараған еді. 

Аталған ақпарат облыс орталығы мен жақын ауылдарда тараған. Осыған байланысты полиция ауқымды тексеріс жүргізді. Олар хабарламада айтылған көпірлердің бәрін тексерген. Нәтижесінде облыстық полиция департаменті тұрғындарды тыныштандыру үшін, ақпаратты жоққа шығарды. 

Артынша белгісіз біреулердің жалған ақпарат таратқанына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Полиция қызметкерлері бірнеше күн ішінде 50-ден аса адамнан жауап алып, WhatsApp-тағы ондаған топты тексеріп, 2 күдіктіні анықтапты. Осылайша, 33 жастағы ер адам мен 52 жастағы әйел  ұсталды. 

Күдіктілер Талдықорған тұрғындары және бір-бірімен таныс емес болып шықты. Әйел қаладағы базарлардың бірінде саудамен айналысады. Ал ер адам тасымалдаумен айналысады екен.

Олар жауап алу барысында таныстары мен достарына жіберген хабарламаның шынымен де жалған екенін мойындады. 

Полиция мәліметінше, күдіктілер азаматтардан кешірім сұраған. Оларға полицияға келіп, белгіленіп тұру міндеттелді.

Талқылау