Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алла Пугачеваның мақтауын мәртебе көретін қазақстандық әншілер сыналды

Қала мен дала” басылымы осы жолғы санында екі тілде ән орындап, Алла Пугачеваның мақтауын мәртебе көретін қазақстандық әншілердің тізімін жасады.  Сондай-ақ қалың елге орыс тілінде ән шырқап, Мәскеуді мойындатқысы келетіндердің тыңдарманы бар ма? деген сауал тастады. Себебі орыс тілділер Ресейлік талантты әншілерді тыңдағанды дұрыс көрсе, қазақ тілділер де осы тілде салмақты,сөзінің мәні мен мағынасы келіскен әуендерге құлақ түрері анық. Сонда, екі ортада жүрген қос тілді әншілерді кім тыңдайды деген мәселеге тоқталады.

 пугачева3

 Кеңес заманында ғылым мен өнердегі мықтыларымыз Мәскеуді бағындыруға күш салатын-ды. Осы үрдіс кейбір салаларда әлі күнге дейін сақталуда. Бүгінде орысшаға жүйрік кейбір ғалымдарымыз Ресей арқылы әлемдік ғылыми қоғамдастыққа шығуды көздейді. Әрине, ғылымға қатысты орыстармен тізе қосып әрекет етуді түсінуге болады. Ал соңғы уақыттары Кеңестік жүйенің кесапатын көрмеген жас әншілердің Мәскеуден бір жылы сөз есту үшін өңешін созып, орысша ән салып жүргенін қалай түсінуге болады?

 пугачева

Мақпалдың арманы

Орыс тілінде ән салып, Алла Пугачевадан бата алуды армандайтын жас әншілер бізде жетіп артылады. Олар – Мақпал Исабекова, Әлішер Кәрімов, Дильназ Ахмадиева. Реті келгенде орысша жорғалай жөнелетін Айқын Төлепбергенді де осы топқа қосуға болады. Бәрі Батырхан Шүкеновтің жолын қайталағысы келеді. Бірақ Ресейге қарай бүйрегі бұрып тұратын бұл әншілерді Ресей әншілері еш уақытта талантты әнші ретінде мойындаған емес.

Ресей шоу-бизнесінің Мадоннасы саналатын Алла апай Мақпалдың өнерін бағалаған-сып, емексітіп қойғанын білеміз.  Міне, содан бері Мақпал қыз орысша ән шырқауын үдете түскенін бәріміз білеміз. Соңғы уақыттары қазақшасынан гөрі орысшасы басым болып кеткені де жасырын емес.

пугачева1

Ресейдің кеудемсоқ саясаткерлері сияқты шоу-бизнестің құлағын ұстаған әншілері де орысша ән айтатын қазақ әншілерін азын-аулақ тары шашып, қасында жақын ұстағанды жақсы көреді. Ал біздің әншілеріміз болса, «біздің өнерімізді бағалады» деп мәз болып жүр. Шындығында орыс әншілері біздің өнерпаздарды еш уақытта мойындаған емес. Мойындамайды да. Ал мұны біздікілер түсінбейді.

Мәскеу бізге «өлшем» емес

Қолымыз өз аузымызға жетіп, тәуелсіздікке ие болған қазіргі заманда Мәскеу бізге өлшем болмауы тиіс. Амал не? Орыс тілінің кесірінен әзірше әншілеріміз Мәскеудің қас-қабағын аңдып, соларға жіпсіз байланған.

Мақпал, Әлішер, Айқын – бәрі-бәрі қазақ тілін бір кісідей біледі. Бірақ олардың орыс тілінде ән салып, клип түсіруге құмартып тұратынын түсіну қиын болып тұр.

Рас, қалада туып-өскен жастар қазақтың төл өнерінің уызына қанып өскен «МұзАрт», Тоқтар мен Серік, Саят, Досымжандардың әндерін тыңдамайтын шығар.

Бұл ретте қала жастары орыс тілінде өңешін жыртып ән салып жүрген жас әншілерді тыңдап жүр деп айта алмаймыз. Олар батыс пен орыстың әншілерін тыңдайды. Біресе қазақша, біресе орысша ән салатын Мақпал мен Әлішер қала жастары үшін қызық емес. Сондықтан жоғарыда атын тізбектеген жас әншілерді Қазақстандағы орыстілді ортаның «рухани сұранысын» қанағаттандырып жүр деп айтудың өзі қиын.

 пугачева2

Көштен қалмаудың амалы

Тәуелсіздіктің 25 жылдығында бір байқағанымыз, екі тілде ән салып, шығарма жазатын өнер адамдарына деген сұраныс төмендеп барады.

Орыстілді әншілердің ілде-байлап көштен қалмауы кімге керек. Әрине, қазақтар мен елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне мұның түкке де қажеті жоқ. Бұл қазақтың байшыкештерін сүлікше сорып отырған Алла Пугачева бастаған орыс әншілеріне қажет. Жас әншілеріміз орыс тілінде ән салғаннан кейін Ресейдегі саясаткерлер Қазақстандағы орыстілді ортаның мүддесін қорғауды желеу етіп, өз мүдделерін көздейтіні анық.

Ал құдайшылығына келгенде орысша ән салып жүрген жастарымыздың талантын Ресей жұлдыздары еш уақытта мойындамайды. Ал жас әншілер болса, Мәскеуді бағындырам деген болмашы ойларынан айыға алмауда.

Рас, о баста қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары екі әнін қазақ тілінде айтса, бір әнін орысша айтып, жұртшылыққа танылудың амалын жасады. Қыдырәлі Болманов, Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдуллиндердің кезеңінде сондай заман болды.

Өйткені ол кезде әншілерде халыққа тез танытатын телеарна біткеннің бәрі орыстілділердің қолында болды (телеарнаның тізгіні әлі де болса солардың қолында ғой). Сол себепті Қыдырәлінің қатары қос тілде қатар ән айтуға мәжбүр болды.

 Қазақ әні тұғырына қонды

Ал қазір жағдай басқаша. Күн өткен сайын қазақ тілі күш алып, тұғырына қонып келеді. Шоу-бизнес саласында қазақ тілі толықтай үстемдік құрды деп айтуымызға болады. Қазір қазақ әнін тыңдау үшін баяғыдай түннің 12-ден ауғанын күтпейсің. Қалған уақытта телеарнаңызды қоссаңыз, құлақ құрышың қанғанша қазақша ән тыңдауыңа болады.

Қыдырәлі де баяғыдай орысша ән айтатынын қойған. Қайта ұлттық музыканы ұлықтаған «Ұлытау» тобының қатарына орыстың баласын тартып, төл өнерімізді дәріптеуде. Тек қазақ және орыс тілінде теңдей ән айтуға бейімделген Нұрлан Абдуллин ағамыз ғана күндей күркіреп тілдік норманы сақтап жүр. Мұны енді күн өткен сайын шоу-бизнестің көгіндегі жұлдызы сөніп бара жатқан Нұрлан Абдуллинның амалдаған әркетін түсінуге болады.

Осы ретте «Супер Стардан» түлеп ұшқан бір топ әншінің күні батып бара жатқан орыс тілінен желімше жабысуын қалайша түсінуге болады. Олар «Мәскеуді бағындыру» деген мақсаттың маңызын жоғалтқанын қашан түсінеді.

 

Талқылау