Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлима Көпейдің ата-анасы жайсыз хабармен бөлісті: Бүлдіршіннің емі жалғасатын болады

Қатерлі дертке шалдыққан қазақстандық бүлдіршін Әлима Көпейдің тағдыры тек Қазақстан емес, өзге де мемлекет тұрғындарының назарында. Соңғы уақытта қыздарының денсаулығы туралы көп мәлімет бермей жүрген ата-анасы бүгін тосын мәлімдеме жасады. Айтуларынша, кезекті тексерістің қорытындысы көңіл қуанта қоймаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Әлима Көпей

Кішкентай Әлиманың анасы Айжан Көпейдің сөзінше, бүгінгі күнді көптен күткен олар дәрігерден қуанышты хабар алудан үміттенген. Себебі Америкадағы клиникада емделіп жатқан бүлдіршінге таяуда соңғы химиотерапия жасалып, дәрігердің жоспарлы емі аяқталған. Алайда соңғы тексерулердің нәтижесі осыған дейін жасалған процедураларға қарамастан, қатерлі дерт белгілері әлі қалғанын көрсетіпті.

«Біз осы күнді күттік. Кеше КТ-ге түсірді. Бүгін нәтижесін көрсетіп, АФП деңгейін тексерді. Біздің жоспарлы ем аяқталды. Бұған дейінгі химияның алдында АФП деңгейі 24,5 болған. Бүгін бұл көрсеткіш 26-ға жетіпті. Оның қалыпты деңгейі – 0-9. Демек, ол химиядан кейін төмендеудің орнына, керісінше жоғарылап кеткен. Қызымның омыртқасын МРТ-ға түсіріп, ауру ошағы қалған, қалмағанын тексеруді жоспарлап отыр. Өкпесінде әлдене қалғанын айтуда», – деп жазды Айжан Көпей Instagram желісіндегі парақшасында.

Оның сөзінше, ендігі дәрігерлер кеңесі өкізіліп, әрі қарайғы ем туралы шешім қабылданатын болады.

«Ендігі тек жоғары дозалы химиотерапия мен бағаналық жасушалар трансплантациясын ғана ұсына алатындарын айтуда. Ол бір рет қана жасалмауы мүмкін. Жоғары дозалы?! Бұл дегенің адамды өлтіріп, қайта тірілтумен бірдей», – дейді Әлиманың анасы.

Қызының дертінен кейін өмірге деген көзқарасы өзгеріп, қатерлі ауруды өзін өзгерту үшін берілген сабақ ретінде қабылдаған Айжан Көпей түңілмейтінін айтты. Бауыр еті баласының өмірін құтқару үшін қолдан келгенін жасауға даяр ана ендігі психосоматикаға жүгініп көрмек.

«Ендігі кешенді әдіс керек. Адам қуатының деңгейінде, аурудың психосоматикасымен жұмыс істеу қажет. Жейтін тағамдарына өзгеріс енгізілуі тиіс. Мен дертінің емі бар екенін дәлелдегім келеді», – дейді Әлиманың анасы.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін денесінің 50 пайызы қатерлі ісікпен зақымдалған Алима Көпейдің анасы дәрігерлер үшін опық жегенін айтқан еді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау