Алғашқы перзентін бес жыл күткен отбасы балаларына Тәуелсіздік есімін берген

Қазақстандықтар еліміз тәуелсіздік алғаннан бері балаларына мемлекетіміздің биік тұғырының құрметіне, елбасымыздың, басты партиямыз Нұротанның, тіпті басты ғимаратымыз Байтеректің құрметтеріне арнап есімдер беруде. Солардың ішінде еркіндікке қол жеткізгенімізді, тәуелсіз ел екенімізді білдіретін ерекше Тәуелсіздік атты есім бар екен. Алдағы мерекеге орай Stan.kz ақпараттық агенттігі 8 жасар Тәуелсіздікті оқырмандар назарына ұсынады.

Алғашқы перзентін бес жыл күткен отбасы балаларына Тәуелсіздік есімін берген

Алматы облысы Панфилов ауданы Көктал ауылының тұрғындары Батырбек пен Гүлім бес жылдай балалы бола алмай жүрген екен. Осылайша Алла бұйыртып, еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толған кезде, Тұңғыш президент күнін тойлау туралы шешім қабылданғанда жас отбасы үлкен қуанышқа кенеліп, шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. Отбасының бақытын бөліскен жолдастарының бірі ұлдарына ырымдап Тәуелсіздік есімін беруді сұрапты.

2011 жылдың 1 желтоқсанында дүниеге келген ұлдарына ешкімге тәуелді болмасын деген ниетпен, әрі еліміздің тәуелсіздігінің құрметіне арнап Тәуелсіздік есімін берген отбасы ұлдары туралы ерекше сөз қозғауда.

Әкесі Батырбектің айтуынша, бұл есімді өзінің ең жақын досы ұсынған екен. Ерекше есім әкесінің көңіліне бірден жаққан көрінеді, әйелінің қарсылық танытқанына қарамастан баласын Тәуелсіздік атаған.

Ерекше, әрі жауапкершілікті талап ететін есім иесі Тәуелсіздік Батырбекұлы бүгінде 8 жаста, 2 сынып оқушысы. Кішкентай кезінен алғырлығымен танылған бала мектепті де озат оқуда.

Ата-анасының да, сынып жетекшісінің де айтуынша, ол өте елгезек, әрі ақылды.

«Балам өте зерек, 1 сыныпқа 6 жасқа толмай барды, қолына оқу құралдарын ұстап көрмеген кезі еді. Оқуды алып кете алмай қалады ма деп қорқып едік, атына заты сай болып, бірден озат оқушылар қатарына қосылды. Үйге келгенде ағылшын пәнінен өткен жаңа сөздерін қайталап айтып, тез жаттап алуға ұмтылады. Кішкентай болса да ақкөңіл, әр адамның ыңғайын табуға тырысады. Артынан ілескен қарындасын ойлап, ағалық қамқорлық танытудан жалықпайды», – дейді анасы Гүлім.

Алғашқы перзентін бес жыл күткен отбасы балаларына Тәуелсіздік есімін берген

Ұлының есіміне қатысты пікір айтқан анасы, басында қарсы болғанын жасырмады. «Алғаш естігенде ауыр есім емес пе деп күманданған болатынмын. Артынша әкем жақсы есім екенін айтып, ешкімге тәуелді болмасын деп ырымдаған шығар дегенде барып көндім. Бастапқыда үйреніспегенмен туыс-туғандарымыз, жолдас-таныстарымыз жақсы қабылдап кетті. Босанған соң туу туралы куәлігін толтырарда перзентхана қызметкерлері бірнеше рет келіп «нақты таңдаған есімдеріңіз осы ма» деп қайталап сұраған болатын», – дейді анасы.

Ал әкесі болса ұлының оқудан бөлек спортқа, биге деген қызығушылығын айтуда.

«Ұлым билегенді ұнатады, сонымен қатар боксқа деген ынтасы бар. Жайлауға барып атқа мінгенді жаны сүйеді, жаз түсе сала аттан түспейді. Сабақты жақсы оқиды, ұстазы әрдайым мақтап отырады. Өзі өскенде президент болғысы келетінін айтады. Елордамыз Астананы көруді армандаған еді, сәті түскенде апарып келдік. Енді Астананы көрген соң Елбасын көргісі келетінін айтады», – дейді әкесі Батырбек.

Алғашқы перзентін бес жыл күткен отбасы балаларына Тәуелсіздік есімін берген

Ал ұстазы болса Тәуелсіздікті тек жақсы жағынан сипаттауда. Ал есіміне келгенде сыныптастары мен мектеп ұжымы әлі күнге дейін таңғалады дейді.

«Тəуелсіздік өте белсенді, əрі озат оқушы, математика пəнін жақсы көреді. Өзінің мінезі ақжарқын, ақкөңіл, сабақты бар ынтасымен оқиды. Болашақта көптеген мектепаралық, қалалық байқауларға қатысады деген үміттеміз», – дейді ұстазы Қымбат Тұрсынғалиқызы.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр