Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алғашқы фильмі сәтсіз шыққан Бүркіттің жаңа картинасынан не күтеміз?

Былтырғы жылы триллер жанрында фильм түсіріп, сәтсіздікке ұшыраған Бүркіт “жардан құлағанын” мойындап отыр. Десе де, режиссерлікке бет бұрған өнер иесі кино түсіруді тоқтатпақ емес. Ол көрерменнің көңілін таппайынша тынбаймын деп отыр.

Бүркіт

Сондықтан да екінші фильміне барын салған. Көрерменнің сұранысы комедияға жоғары болғандықтан, оны да орындаған. 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасына берген сұхбатында Бүркіт қараша айында жарық көретін “Загадай желание” фильмі туралы толыққанды айтып берді.

“Сценарий бойынша, біздің басты кейіпкеріміз Мәриям деген қыздың өмірінде ешқандай қызық жоқ. Ауылдан келген қыз. Бір күні оның қолына сиқырлы қалам түседі. Сол сиқырлы қаламмен ол дүние жүзінің қай жеріне барғысы келсе, бара алады. Сценарий бойынша, Дубайға түседі. Сондықтан Дубайға келіп түсірдік”, – дейді режиссер.

Бүркіт түсірілімнің жақсы өткенін атап өтті. Алайда Дубайда 40 градус ыстықта қиындыққа тап болғанын жасырмады. Көрермен көңілінен шығу үшін Бүркіт қалтасын да біраз жұқартқан көрінеді.

“Әуезов деген бауырымыз сценарий авторы. Оның қоржынында біраз кинолар бар. “Бизнес по-казахски в Америке”, “Замуж в 30″ және т.б. Бұл жолы да біздің фильміміз жақсы деңгейде шығады деп ойлап отырмын. Киномыздың жалғасын ойластырып жатырмыз, сценарий бойынша сюжетін де қарастырып жатырмыз.

Бірінші рет комедия түсіріп жатырмын. Өз көңілімнен 100 емес, 200 пайызға шықты. Мақтай бермейін, мақтаған қыз тойда осырады дейді. Бұл жолы күте тұрайық. Нағыз бағасын халық береді”, – дейді Бүркіт.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау