Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлеуметтік желілердің жаңа жұлдызы Гүлмира Ізбасханованы білесіз бе? (видео)

Қазіргі қазақ эстрадасындағы жас әншілердің көбісі  әлеуметтік желілерде ән айтып, халықтың ыстық ықыласына бөленген соң үлкен сахнада өнер көрсету мүмкіндігін  иеленгені белгілі. Біздің кейіпкеріміз Гүлмира Ізбасханова да әлеуметтік желіге анасымен бірге танымал қазақ әндеріне кавер жасау арқылы көрерменнің сүйіктісіне айналған. “Қазақстан дауысы” жобасының финалына дейін жеткен ол, Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында анасы екеуі неліктен Instagram арқылы өлең айтуды жөн көргенін, Қытай мемлекетінде қандай жарысқа қатысқанын, тойларда өнер көрсеткені үшін қанша табыс табатынын айтып берді.

Әлеуметтік желілердің жаңа жұлдызы Гүлмира Ізбасханованы білесіз бе?

Гүлмира, әншілікпен неше жасыңыздан бастап айналысасыз? Өнер жолына қалай келдіңіз?

Мен  өнер адамдарының отбасында туылдым. Жанұямда ата-анамнан бастап, әпкелерім мен ағама дейін жалпы барлығымыз ән айтқанды жанымыздан артық жақсы көреміз. Есімді білгелі музыкамен айналысамын десем, алдағаным емес. Қазір жиырма бестемін, алты жасымнан бастап ән айтып, отбасымның өнерге деген құрметін көріп өскен мен, бала күнімнен-ақ  әнші болуды армандадым. Негізінен, анам да кезінде қазақ халқының мақтан тұтар әншісі болуды қалаған. Алайда әкемді кездестіріп, тұрмысқа шыққаннан кейін балаларыма жақсы тәрбие беремін, туған еліне тіреніш болатын ұл-қыз өсіремін деген оймен арманынан бас тартқан. Шынымды айтсам, ата-анамның маған әншілікті таңдауыма рұқсат бергендеріне, әр қатысқан байқауыма қолдау көрсеткендеріне үлкен алғысымды айтамын.

Байқау демекші, біз сіздің “Қазақстан дауысы” жобасының үшінші кезеңіне қатысқаныңызды білеміз. Сондай-ақ, Қытайда өткен талант шоудың да финалына жетіп, көрші мемлекеттен де өз тыңдармандарыңызды тапқаныңыз да мәлім. Қытай қалаларында өнер көрсетіп, концерт қойсам деген ой болды ма? Жалпы, жобаға қатысу туралы ұсыныс қайдан түсті?

Балнұр Тоқашқызы деген кісі менің “Қазақстан дауысы” жобасында көрсеткен өнеріме тәнті болып, маған Қытайдың Үрімші қаласында жақсы байқаудың өтіп жатқанын айтты. Жарысқа қатысуды ұсынды. Байқауда бағымды сынап көруге қуана-қуана келістім, себебі мұндай мүмкіндік әркімге беріле бермейді. Қытайда өткен әншілердің сайысында жақсы нәтиже көрсеттім деп айтсам да болады. Бірақ менің ол жақта танылсам, қытайша өлең жазып, концерт қойсам деген ойым болған емес. Оның екі себебі бар. Біріншіден, маған Қытайдың ауа-райы жақпады. Екіншіден, Үрімшіде тұратын тұрғындардың саны Алматы, Астана қалаларымен салыстырғанда екі-үш есе көп екенін білеміз. Еліміздің кең даласында емін-еркін қыдырып жүрген маған Үрімшінің көшесінде жай ғана жүрудің өзі қауіпті көрінді. Өзіміздің елімізге жететін ел жоқ қой, шіркін.

Әлеуметтік желілердің жаңа жұлдызы Гүлмира Ізбасханованы білесіз бе?

Бір сұхбатыңызда ата-анаңыз сіздің продюсеріңіз екенінін айтқан болатынсыз. Қытайдағы сайысқа қатысып, Инстаграмға видео сала бастағаннан кейін продюсер болуға ұсыныстар түсті ме?

Әлі күнге дейін продюсерім — әке-шешем. Әзірге ондай ұсыныстар жоқ, бірақ есесіне теледидарлық бағдарламаларда ән шырқап кету туралы ұсыныстар көп. Жақында ғана “Қазақстан ” телеарнасы бір бағдарламаның түсіріліміне шақырды. Ол жақта “Қазағым” деген әнімді айттым.

Байқағанымыздай, теледидарлық бағдарламаларда өнер көрсетуден бөлек, тойларға да шығып тұрасыз. Құпия болмаса, тойда бір ән айтқаныңыз үшін қанша теңге аласыз?

Той иелері қанша берсе, сонша аламын. Қатып қалған бағам жоқ. Тойда өзімнің жеке айтатын, айтпайтын өлеңдерім бар. Мысалы мен “Қазағым” деген патриоттық әнді тек қана концерттерде шырқаймын.

Қазақ эстрадасының бір топ әншілері той бизнесін құптамайды. Тойға арналған әндердің көптігінен, қазақ музыкасының деңгейі төмендеп бара жатқандығын айтады. Негізінен сіздің той бизнесіне көзқарасыңыз қандай?
Тойды қазақтың әр үйіндегі қуанышы деп білемін. Әншілердің тойда өлең айтуларына еш қарсы емеспін. Қазақтың қуанышы, тойы көп бола берсе екен деймін.

Әлеуметтік желілердің жаңа жұлдызы Гүлмира Ізбасханованы білесіз бе?

 

Сіздің образыңызға қатысты  сұрақ қойғым келіп отыр. Әлеуметтік желідегі бұрынғы суреттеріңізде стиліңіз мүлдем басқа. Оның кенеттен өзгеруіне не себеп болды? Шетел әншілеріне еліктейсіз бе?

Ешкімге еліктемеймін, бар болғаны осыдан бір жыл бұрын, яғни 2017 жылы стилімді өзгерткім келді. Осы образым өзіме қатты ұнайды, шашымның қысқа болуының арқасында оны қалай сәндесем болады деп артықойланбаймын, бет-әлпетімді де қатты бояудың да керегі жоқ. Табиғатымнан өзім боянғанды онша ұнатпаймын.

Анаңызбен бірге ән айтып, оны әлеуметтік желіге жүктеу туралы ойдың қайдан келгенін айтып берсеңіз

Қазіргі күні қызықтың барлығы инстаграмда емес пе? Қазақ аудиториясы бұл әлеуметтік желіні белсенді пайдаланады. Осының негізінде дарынды, әдемі дауысы бар жастар танымал әндерге кавер жасау арқылы, көпшілікке танылып, үлкен сахнада ән айту мүмкіндігін де иеленіп жатады. Анам да мен сияқты ән салғанды жақсы көргеннен кейін екеуіміз ақылдаса келе, халықтың сүйікті әндерін дуэт болып орындап, оны видеоға түсіріп, инстаграмға салуды ұйғардық. Сосын Мейрамбек Беспаевтың “Арман-ай” әніне түсірген видеомыз көптеген көрерменнің көңілінен шыққанын біліп, қатты қуандық. Сөйтіп, бір әнмен шектелмей ары қарай да Серік Ибрагимов, Қайрат Нұртас сынды елге танымал әншілердің әнін жұп болып орындауды жөн көрдік. Анам халықтың видео астындағы жылы лебіздерін оқып қуанып отырады.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау