Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемге танылған миллиардерлердің қандай мұңы болған?

1984 жылы француз жазушысы Фернан Бродель Еуропа елдерінің демографиялық ахуалын зерттей келе, очерктерінде «Жуықта жеке басының қамы мен өз рақаты үшін өмір сүретін еуропалықтардың қатары көбейеді. Кәсібі өрге домалаған ауқатты адамдардың саны артқан сайын, ұрпақсыз қартаятындардың көрсеткіші көбейе түспек» деп жазады.

966-640x480
Расында, бүгінде дамыған ел­дерде бизнестің көзін тауып, ай­тар­лықтай жетістікке жеткен байқуатты мырзалардың саны көп. Бүгінгі өскелең ұрпақ бұрыңғыдай білекті де жүректі батырлардан емес, білімді де пайдақұмар бизнес өкілдерінен өнеге алады, деп жазады Айқын.

Қазіргі қоғамда олардың өзін-өзі ұстауынан бастап, хоббиі, мамандығы, ұста­ны­мы және өмірлік жүріп өткен жол­дарына дейін үлгі етілуде. Бір сөзбен айтқанда, бүгіннің сөзсіз бетбейнесі мен қазіргі уақыттың тұлғасына айналған миллиардердің мұңы бар ма? Болса, қайғы-қасіреті қайсы? Осы турасында біршама ойлана келе, жаңағы Бродельдің жазған болжамдарының ақиқатқа айнала бастағанын түсінгендейміз. Мәселен…

Бүгінде жаһанның дәулетті жан­дарына арналған «байқуатты адамдардың клубы» бар. Мұндай мекемелерге мүше болу үшін байлар ақшасын аямайды. Жыл сайын бұл клубқа орта есеппен 150-ге жуық ауқатты адамдар тіркеледі екен. Клубтың мүшелігіне өту құны шамамен 10 миллион АҚШ долларын құрайды. «Йеллоустондық бай­ларға арналған клубтың» қомақ­ты қаражат алғандағы атқарар шаруасы – дәулетті жандарға дұрыс демалыс ұйымдастырып беру. Тау бөктері, көне қамалдар, гольф алаңы, түрлі саяжайлар мен демалыс орындары, аралдар, спорт түрімен айналысуға мүмкіндік беретін ұйым­дар және тағы басқалары. Осылайша байлардың талап-тілегіне орайластырылып кете береді.

Атал­мыш клубтың қожайыны – Тим Бликсэт. Америкалық муль­ти­миллионер Аригон штатына қарасты Розбунгте дүниеге келген. Әкесі – діни қызметкер, анасы аса жолы бола қоймаған актриса болған. Өз заманында 5 бала тәрбиелеген бұл отбасы өте кедей тұрады. Тим және оның бауырлары мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақыға күн көреді. Бұл кездерін Бликсэт мырза «Ол күндерді санамнан ешуақытта өшіре алған емеспін. Мектепте жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларды бөлек үстелге жинап, 2,5 сент тұратын түскі ас беретін. Кейін сабақ барысында байдың тентектері бізді кедей бол­ға­нымыз үшін мазақ ететін. Сол кезде, мектеп бітіргеннен кейін ешуақытта көмекке берілетін жәрдемақылар мен қайырымдылық қаражатына мұқтаж болмаймын деп өзіме уәде бердім» деп еске алады.

Әлемде тауға иелік ететін жалғыз клубы, Мексика жағалауындағы курорты, 10 мил­лион АҚШ доллары тұратын екі үйі, 5 ұшағы, 2 яхтасы бар Тим тіпті, Париждегі ХІV ғасырдан сақталған үлкен көне сарайды сатып алып, оның қайта өңделуіне 100 миллион доллар жұмсаған. Өзі бұл турасында «Бала кезімде Гарри Поттердің сара­йындай үлкен қамалда тұруды армандайтынмын. Бір күні таңертең оянсам, сол арманым орындала қалыпты» деп әзілдейді екен. Ақ­сүйектерге арналған қайталанбас қымбат көліктерімен аты әлемге әйгілі

Феррари компаниясы өзінің 65 жылдығын Бликсэттің осы сарайында атап өткен. Сонымен, өмірі мен кәсібіне қаражаяу түгілі, қалталылардың өзі қызығатын Тимнің «бір кем дүниесі» – ұрпақсыз қалуында екен. 60 жастағы Бликсэт бірнеше рет үйленгенімен, бала сүю бақытын сезіне алмаған. Муль­ти­мил­лионер «Бес балалы отбасында дүниеге келдім. Ол кезде тұрмыс жағдайымыз нашар болғанымен, бауырларыммен бақытты кездерімді бастан өткеріппін. Баланың бұл жалғандағы алар орны ерекше» деп жазады.

Бликсэт жылдап жинаған қара­жа­тын қалдырар ұрпаққа зар болса, миллиардтаған доллар иелерінің келесі бір бөлігі мұрагері бола тұра, оларға ешқандай мұрасын қал­дырмаған және «тектен-тек табысын өз ұрпағына тапсыра салу – оларға жасалған үлкен қиянат» деп есептеген. Мәселен, Ресейдегі «ИнтерРосс» холдингінің басшысы Владимир Потанин 2010 жылы өзінің осы күнге дейінгі табысының басым бөлігін қайырымдылыққа табыстайтынын жариялады. Ол «10 жылдан кейін мендегі бар байлық қоғамның қажетіне жаратуға тап­сы­ры­лады. Бұл әрекетім қайырымды іс атқарудан бөлек, өз кезегінде балаларымды дұрыс жұмыс істеуге ынталандырмақ» деген пікір айтты.

Сондай-ақ есімі әлемге әйгілі Уор­рен Баффет те өз балаларына мұра­сын қалдырудан бас тартқан. 83 жасар мультимиллионер табысының 89 пайызын көмекке мұқтаж жан­дар­ға беруді жөн деп шешкен. Оның бүгінге дейін жинақталған табысы 50 млрд долларға жуықтайды. Әлем­дік сарапшылар дүниежүзінде қа­йы­рым­дылыққа мұндай ірі кө­лем­­дегі қаражаттың алғаш рет аударылып отырғанын айтады. Кәсіпкер Forbes журналына берген бір мақаласында «Бүгінге дейін балаларымның азамат ретінде қалыптасып, өзінің сүйікті ісімен айналысуы үшін жеткілікті қаражат беріп келдім.

Егер мендегі бар байлықты ұрпағыма қалдырар болсам, олар тіпті ештеңемен айналыспайтын болады, яғни бойын жалқаулық билейді, нәтижесінде жағымсыз әрекеттерге барады. Сол үшін бүгінге дейін иемденіп үлгерген білімі мен біліктілігін пайдаланып, ендігі кезекте әрқайсысы өз өмірі үшін күресе білуі қажет. Менің табы­­сым қоғамның пайдасына жа­раса игі» деп жазады. Уоррен Баф­фет салық жүйесін сараптай келе, АҚШ билігіне өзі сияқты байқуатты адамдардан табысына сай тиісті қомақты салық төлетуді ұсынған.

Microsoft майталманы Билл Гейтс өзінің 59 млрд АҚШ долларын құрайтын табысын қоғамдық іс-шараларға жұмсайтынын жария­ла­ды. Нақтырақ айтсақ, ол табысының ба­сым бөлігін Африка елдеріндегі аштықпен және түрлі аурулармен кү­ресуге аудармақ екен. Оның бес баласының әрқайсысына осы мұраның 0,2 пайызы, яғни 10 мил­л­ион доллардан тиетіні де жария болған еді. Оның үстіне, Билл Баффет бірігіп «Қайырымды жан­дар­дың сыйы» («Клятва даре­ние») атты компания құрған. Мұндай кәсіп­керлер әлемдегі ауқатты бизнес өкіл­дерін қайырымдылықпен ай­на­лысуға және табысының басым бө­лі­гін қоғамның пайдасына жаратуға үндейді.

Айтқандай, осы компанияның ая­сында Нью-Йорк қаласының бұ­рыңғы мэрі Майкл Блумберг өзі­нің 19 млрд АҚШ долларын түге­­лімен білім беру қорларына табыстауды жөн деп шешкен. Майкл өзінің қаржылай тәуелсіз екенін көрсету үшін мэр кезіндегі жалақы мөлшерін 1 доллар деп бекіткен екен. Қаржысы қалаған саланы гүлдендіруге жететін Блумберг білім саласын қолдауды таңдаған. Сондай-ақ климат жағдайының өзгеруіне қатысты мә­се­лелер бойынша БҰҰ-ның өкілі ретінде бірқатар проблемаларды шешуге атсалысуда. Нәтижесінде, оның Эмма және Джорджио есімді қыздары мұрасыз қалған.

Facebook желісінің жетекшісі Марк Цукерберг осыдан екі жыл бұрын компания акциясының 99 пайызын (45 млрд АҚШ доллары) қайырымдылық мақсатында жұм­сау­­­ды көздейтінін айтқан еді. Мак­са есімді қызының дүниеге келуі қарсаңында журналистерге ресми түрде жариялаған Цукерберг бұл әрекетін «Қазіргі уақытта қайы­рым­дылыққа жұмсайтын қаражат қызымның болашағы үшін аса ма­ңыз­ды болмақ» деп түсіндірген.

Альфа Group компаниясының серік­тесі Михаил Фридман да өзінің ұлы мен үш қызына бірде-бір тиын қалдырмайтынын жариялады. Ол бүгінге дейін жинақталған 3 млрд 300 миллион доллар қаржысын түгелімен қайырымдылық қорына аударамын деп шешкен. Балалары бұл өмірде кәсіби және кәсіпкерлік жетістікке өз күшімен жетуі қажет деп есептейді.

«Әлемде өз балаларына биз­нес әліппесі мен қаржыны қалай жұм­сау керектігін үйрететін бір­де-бір тәжірибе жоқ. Біздің ұр­пақ алғашқылардың бірі болып осы мақсатта үлгі көрсетуі тиіс», деп жазған. Александр Мамут ал­­дағы уақытта өз активтерін ел игілігіне қызмет ететін оқу-ағар­­ту бағытындағы қорларға та­быс­­тай­ты­нын айтқан еді. Ол бала­ла­ры­ның жұмыс істеуге жарамды жа­сынан бастап нәпақасын өздері табуына міндеттеген. Нәтижесінде, Мамуттың мұрагерлері жеке кәсі­бін­де айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген.

Аталмыш бизнес өкілдерінің өмі­рін жіті зерттеген Forbes жур­­налы «Байлардың басты қор­қы­нышы – бала тәрбиесі» де­ген мақаласында «Бай-қуатты азаматтардың балаларына мұра­сын қалдырмауының басты себе­бі – ұрпағына деген көңілінің тол­мау­ын­да» деп жазады. Басылымның зерттеуінше, дәулеттілердің өмір­бойы жиған-терген табысының қадірін балалары біле бермейтін көрінеді. Осыған әбден көзі жет­­кен бизнесмендер дәулетін қа­йы­рымдылыққа жұмсағанды жөн көреді екен. Яғни, «Тәңір дәулетін аста-төк етіп, жоқшылықтан сына­ма­ғанымен, ұрпағының санасы тұрғысынан сынға алуда» деп түйеді.
Әлемге каскадерлігімен та­ны­­мал актер Джеки Чан бала тәрбиесіне қатысты өз кемшілігін мо­йындаған еді.

Ұлы Джейсидің нашақорлығына әуестігі туралы қойылған журналистің сұрағына «Джейси – ең бақытты бала, мен теңдессіз әкемін деп ойлайтынмын. Бәлкім, ұлым мендей әкесімен мақ­танатын да шығар. Бірақ өз ба­сым бала тәрбиесіне белсене қа­тысып, оның өміріне шын алаң­­дайтындай дұрыс әке бола ал­мадым. Жұмыс барысымен ұлым­ды сирек көретінмін. Оның нағыз азамат болып қалыптасатын өт­пе­лі кезеңінде ақылшы болып қасынан табылмадым. Сондықтан оның бүгінгі халіне көбінде өзімді кінәлаймын» деп жауап береді. Джекидің соншалық беделі мен қалтқысыз еңбегі, қыруар қаражаты бала тәрбиелеуде септігін тигізе алмады.

Apple компаниясының негі­зін қалаушы Стив Джобс бала тәрбиесіне тыңғылықты қара­ға­ны­мен, 56 жасында бірнеше отадан кейін қатерлі ісіктен көз жұмды. Әлемдегі білікті дәрігерлерге қыр­уар қаражат жұмсап, түрлі емдік ша­раларына шығындалғанымен, нә­тижесі аянышты аяқталды. Джобстың соншалық дәулеті оны қатерлі дерттен арашалай алмады. «Өлім – өмірдің ең үздік табысы» деген Стив бұл жалғанда кез келген құбылыстың құпиясын ашуға болады, тек «өлім – жұмбақ» деп түйген екен.

Айдана Нұрмахан

Тағы да оқыңыз:

Әлемдегі ең танымал миллиардерлердің әйелдері қандай (фото)

Бай болудың 14 құпиясы

Өскенде бай болуы үшін баланы тәрбиелеудің 7 әдісі

Талқылау