Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адамның дене мүшесі тартылып, терісі өзгере бастайды: Лепра дерті неден пайда болады?

Лепра деген сырқат бар. Халықаралық ғылыми қолданыста оны Хансен дерті деп атайды. Суреттеріне қарасаңыз, жаға ұстаған былай тұрсын жаның түршігеді. Бұл адамның бас ми-жүйке жүйесінен басқа нерв клеткаларының зақымдануы салдарынан болатын терінің, ішінара тыныс жолдарының және қол аяқ буындарының бүлінуі.

Скриншот/Евразия арнасы

Көп жағдайда бет әлпеттің ретсіз әжімделуі мен тері түсінің бұзылуы белең алатындықтан қазақ оны алапес дейді, деп хабарлайды Евразия арнасына сілтеп Stan.kz.

Күнделікті тұрмыста осы ауруға шалдыққан адам шошырлық түр әлпетті сіз әрине көре бермейсіз. Себебі олар жұрттан оқшау. Орта ғасырларда Еуропада оларды қоғаммен араластырмай емдейтін лепрозорий орталықтары бірнеше мыңнан асқан екен. 

Сенесіз бе, біздің елде де бар. Ал ауыр дерт арқалаған адамдардың саны 400-ге таяу. Бұл бәлекеттен жазылатын мүмкіндік бар ма?    

Елімізде кей жұрт біле бермейтін, білгеннің өзінде бұл аймақты айналып өтуге тырысатын елді-мекен бар. Мұнда бұрыннан халықтың көзінен оқшауланған Лепрозорий мекемесі орналасқан. Ел-жұрттың сөзінше бұл жердегі тұрғындар бөлек әлемде өмір сүреді. 

Бойымызды қанша жерден қорқыныш билегенімен қаладан 35 шақырым жерде орналасқан Талдыаралға қарай тарттық. Орталық негізгі халық шоғырланған елді-мекеннен біршама алыс. Себебі дерт дендегендер қоғамнан шеттетілген.  

Бұл ауру бізде қайдан жүр? Әуелі осыған тоқталайықшы. Бұған  қатысты халық арасында түрлі қауесеттер бар. Көбі лепра инфекциясы бұл маңда балықтан, тіпті балықшылардың арасынан тараған деседі. 50-і жылдарға дейін науқастардың мойындарына қоңырау іліп келген. Шылдырлап, жақындаған кезде беттерін бүркеп, адамдар жасырынып қалады екен. Бірақ, ақ халаттылар лепра инфекциясының қайдан шыққанын ғылыми түрде дәлелдепті. Патша үкіметі Қазақ даласына келе бастаған тұста, Ресей мен Еуропа халқы алып келген.  

"Ресей жақтан келіп отыр. Ресейдің Астраханьның өзінде крымба  деп атайды. Өйткені Қырымнан келген. Ал ол жерге Еуропадан келген. Индияға басқа жерге көбісі айтады, Александр Македонскийдің жорығымен тарады дейді. Ол жерге барып лепра туралы не білесіз деп сұрасаң, әр екінші адам Александр Македонский дейді", - деді ҚР ДСМ "Қазақ республикалық лепрозорийі РММ басшысы" Молдағали Сейталиев. 

Лепраның бір жаманы әуелі адамның сыртқы нерв жүйесін зақымдайды. Яғни қол-аяғын жансыздандырып,  беттегі көріктің бәрін жоқ қылады.  Елімізде алғаш рет Жайық жерінен шыққан. Бүгінде негізгі екі ошағы бар. Атыраудағы Балықшы-Жылыой, Қызылордадағы Арал мен Қазалы аудандары. Науқастардың 80 пайызы осы өңірлерде. 

"Мен 1956 жылдан бері осы ауруға шалдықтым. Содан бері уколдың астында келе жатырмын. Шығамыз, үйге барып келеміз, дәрі аламыз, қайтадан больницаға келіп жатамыз. Мынау аурудан қол-аяғым істемей қалды. Көзімнен қалдым", - дейді ауыл тұрғыны Оразғали Айтбаев. 

Орталықта емделіп жатқандардың дені 60-тан асқандар. Олар өмірінің жартысынан көбін төрт қабырғада оқшау өткізді. 

Мәселен Жақсылық Баймахановтың болашағына деген үміті зор еді. Достарымен құрған ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі болыпты. Өлең айтып, сазсырнай мен домбырада ойнаған. Ал бүгінде мұның бәрі тек естелік. 

"Өзім сахнада жүрген адаммын. Сахнаға анау-мынау адам шықпайды. Мұндай болып қалған соң тірілі өлген болып қалайын деп шештім. Қатар жігіттер бар, қатар қыздар бар-бәрі де сахнада жүр. Ал маған болмайды. Үйленген жоқпын. Осында өтті ғой өмірдің бәрі", - дейді ауыл тұрғыны Жақсылық Баймаханов.

Десе де орталықта тағдырдың қатал сынына қабырғалары қайыспай, шаңырақ көтеріп, отау құрған жандар да бар. Мәселен, Әбдікәрімовтер отбасы. Оларға балалы ғана болмай, немере сүю бақыты да бұйрыпты. 

"Қанша өлім аузында қалсақ та, далаға апарады, қалаға апарады. Мысалы біз қалаға барғымыз да келмейді, бізді жақтырмайды деп, олар өздері алып келіп, алып кетіп, бізді күтіп баптағандарының көмегімен осы 80-ге келіп отырғанымыз осы", - дейді Орынкүл Махмұдова. 

Обалы нешік, мұндағылардың дені жалғаннан жақын-жұрағатсыз, ұрпақсыз, дос-жарансыз кетіп жатыр. Құрдас -сырластың орнын ақ халаттылар алмастырғандай!

"Ауырып қалған жоқ па біз демалған кезімізде деп, содан бастаймыз жұмысымызды. Сосын дәрігерлердің берген емдерін алып тұрады. Шомылдырамыз, жуындырамыз, бәрін істейміз ғой енді.Тамағын береміз, шайын азанда тұрғызып, төсегін жинап, жуындырып. Иә, батасын беріп отыр осы кісілер", - деді медбике Гүлбану Таңжарықова. 

Лепра инфекциясы жұқпалы болғандықтан, дәрігерлерден басқа бұл маңға ешкім кіре алмайды. Бәрі стирильді, таза болуы шарт. Сонда бактериялар тарамайды. Бірақ әуел баста, ақ халаттылардың өздері де қорыққандарын жасырмайды. Бірі апталап, бірі айлап үйренген. Тіпті үстеріне жара шыққандай өздерін сезінетін. Ал бірнеше жыл бұрын Англиядан арнайы сульфондық препараттарды алдырыпты. Содан кейін  науқастар саны күрт азайған. 

"Басында дәрілер күшті болған. Адамның ішкі ағзасын құртатын. Бауырды, бүйректі қатты әсерін тигізіп құртты. Мынау бактериялардың бәрін өлтіріп жақсы қылады, бірақ ішкі құрылысына зиянын тигізеді. Сондан қалды міне, ағарған ішуіміз керек, диетический тамақ ішуіміз керек", - деді Әлжан Жаппасбаев.

Әлемдегі жағдай қалай? Сандарға сенсек, дүниежүзі бойынша 22 миллион адам лепра инфекциясын жұқтырған. Жағдайы мәз емес елдер қатарында Үндістан, Бразилия, АҚШ пен Қытай бар. Мәселен Мумбайда науқастану қаупі басқа қалаларға қарағанда 12 пайызға жоғары. Бәрі де санитарлық жағдайлардың тым нашарлығымен байланысты көрінеді.

"Ол тұрмысы төмен адамдардың ауыратын ауруы. Тұрмысы төмен, тамақтану тәртібі төмен, санитарлық-гигиеналық жағдайы жоқ адамдардың ауыратын ауруы. Өйткені оған, алысқа барудың қажеті жоқ. Мумбай деген қаланы білесіздер. Мумбайдың ортасында трущеба  бар білесіздер. Сол трущебада Мумбайдың басқа региондарымен салыстырғанда 12 есе аурушаңдығы жоғары. Өйткені Индияның барлық кедей-кепшігі сол жерде жиналған",- деді Молдағали Сейталиев. 

19 ғасырдың басында Лепрозорий Қызылорда қаласынның Тасбөгет деген жерінде болған. Мұнда  лепрді жұқтырғандарға ем жасамай, тек ұстап-баққан. Өмірден озғандарды да дәл осы жерге жерлепті. Бүгінде бұл жер қоршаусыз. 

"Енді ол уақытта ем жоқ, осы қорымға  бұрын ауырғандардың бәрін жерлеген жерлері, қорымдары бар. Енді бұл қорым әлі қоршалмаған. Бұл жерде ата-бабаларымыздың бәрі жатыр. Енді артынан ата-баба басына тас қойып, немерелері келіп жатыр. Мрамордан жасап қойып жатыр. Ал бұрынғы құлыптастардың бәрі өшірілген. Ал жан-жағының бәрі үй болып кетті. Бұл ортада қалып отыр. Бұған әкімшілік назар аударса екен дейміз. Бұл жерден мал да, түлік те өтеді", - деді науқас Алпысбай Ибраев.

Осылайша елімізде ғасыр дертін жұқтырғандардың саны 381-ге жетіп отыр. 75-сінің халі мүшкіл. Сол себепті орталықта ем алып жатыр. Ал, ауруы асқынбаған қалғаны үйлеріне жіберілген. Қуантарлығы, соңғы кесел тек 2017 жылы ғана анықталыпты. Ал балалар арасында лепраға шалдыққандар мүлдем тіркелмеген. 

 

Талқылау