Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік жүргізушілердің жанайқайы әкімдерге енді ғана жетті

Бірнеше күннен бері газ таба алмай сандалған ақтөбелік жүргізушілердің жанайқайы әкімдерге енді ғана жеткендей. Өңірдегі газ тапшылығына байланысты жедел жиналыс өткізген Бердібек Сапарбаев тапшылықтың неден туындап отырғанын анықтау үшін арнайы жұмыс тобын құрды.

Ақтөбелік жүргізушілердің жанайқайы әкімдерге енді ғана жетті

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Енді Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бастап ішкі істер департаменті, прокуратура, мемлекеттік кіріс пен табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменттерінің мамандарынан құралған комиссия газдың қайда кетіп жатқанын анықтайтын болады.

Жиналғандардың айтуынша, сұйытылған газ Ақтөбеге күн сайын артығымен жеткізіліп отыр. Оған қоса бір айға бөлінетін қор да бар. Тапшылық болмау керек. Облыс басшысы егер бұл жерде газды заңсыз көрші аймақтарға экспорттау,  ұрлау немесе тауарды бағаны көтеру үшін ұстап тұру сияқты заңсыздықтар анықталса, қатаң жауапкершілікке тартылады деп ескертті. Бүгіннен бастап барлық бекеттердегі бір күндік газ сатылымын тексереміз деген билік ортадағы делдалдар да қатаң бақыланады деп отыр. Естеріңізге салсақ, соңғы он күннен бері Ақтөбеде газ құю бекеттері тек талонмен қызмет көрсетіп жатыр. Ал қолма-қол ақшаға газ беретін бірен-саран стансаларда ұзынсонар кезек. Алайда жергілікті атқамінерлер мәселенің қашан шешілетінін нақты айта алмай отыр. Соған қарағанда ақтөбелік жүргізушілердің әлі де газ іздеп сабылатын түрі бар.

“Бізде бір туындап отырған сұрақ, неге осы 9500 тонна жетпейді? Бұған байланысты жұмыс тобымен толық зерттеледі. Ең негізгісі тағы да айтатыным әрбір литрді анықтау керек. Кімге, қайда сатылып жатқанын”, – дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

 

Талқылау