Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік жігіт қабылдау комиссиясындағылардың салғырттығынан гранттан айырылғанын айтты

Ақтөбелік қабылдау комиссиясындағылардың салғырттығынан қолда тұрған гранттан айрылдым деп отыр. 19 жастағы жігіт биыл кешенді тестілеуден 122 балл жинап, тегін оқуға мүмкіндік алған екен. Алайда, сабақтың басталуына санаулы күн қалғанда жоғары оқу орнындағылар хабарласып, «Мемлекеттік грант саған тиесілі емес, сондықтан арыз жазып, бас тарт» депті.

Университет басшылығының мұндай шешім қабылдауына не түрткі болған?. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Менің арманым осы дәрігер болу еді. Медицина университетінде Ақтөбеде оқып, болашақта хирург мамандығын алғым келді”.

Рүстем құр армандап, қол қусырып қарап отырмаған. Былтыр бағын сынап көрген, бірақ жинаған ұпайы «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетінің ақылы бөліміне түсуге ғана жетіпті. Ата-анасының қалтасы оқу ақысын көтермей, несие алып әрең төлегеніне қиналған жігіт биыл тағы да бағын сынап көріпті. 122 балл жинап, жолы болып, «Жалпы медицина» бөліміне түскенін естігенде көпбалалы отбасы бір қуанып алған. Алайда, қуаныштары ұзаққа созылмапты.

«29 күні звонок соғып, маған приемныйда отырған Ақмарал Әдетова звондап, сенің грантың ошибочно берілген, соны алып кетеміз деді. Оралман, мүгедек, солай-солай тұрды, мен оған жатпаймын дедім, Жатпасаң, ең соңында подпись деген бар деді, соны қойдым, болды» – Рүстем Оңғаров.

Даудың басы құжаттан басталған. Медицина университетіндегілер Рүстем Оңғарбаев жалпы конкурсқа түсерде Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, өзін оралман ретінде көрсеткен, соның арқасында білім грантын алған деп отыр.

«Конкурсқа документ тапсыру кезінде Оңғарбаев оралман ретінде көрсеткен. Шындығында ол Қарақалпақстанның тумасы, 2015 жылы ҚР азаматтығын, төлқұжатын алған. Біз грантты Білім министрлігіне қайтарып бердік. Білім министрлігінің бұйрығы жоқ, өкінішке орай” –  М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Рүстем болса, құжат толтырарда өзінің тарапынан еш қателік кетпегенін айтып азар да безер. Қайтсем де хирург болам деген арманының осылай құм болғанына қынжылады. Күні бүгінге дейін Рүстем сабаққа барып жүріпті. Өзі топтың старостасы екен.

«Шығарып жіберген бұйрық қағазы жоқ! Ешқандай ответі жоқ, өздерінің жасап отырған істеріне өздері жауап берсін. Құрметті Білім министрі, Ерлан Сағадиев мырза! Менің баламның грантына қатысты жағдайға медакадемия осы күнге дейін Сізге хат жолдаған екен бірнеше рет, ал сіздердің қолыңыз тимей, уақыт жоқ деп жауап келмей жатыр депсіздер. Ал сол дұрыс па? Соны шешіп беруіңізді сұраймын» – Рүстемнің әкесі Мұрат Аллаяров.

Рүстем Оңғарбаев өзі оқыған университеттен білім грантын заңсыз алғандығы үшін оқуға қабылдамай отырғанын дәлелдейтін Білім министрлігінің бұйрығын сұраған екен. Алайда, әзір жауап алмапты. Қазір жігіттің ата-анасы заң органдарына шағымданып отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау