Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік соғыс ардагері жетпіс бір жыл дегенде «Қызыл жұлдыз» орденін тақты

Ақтөбелік Ұлы Отан соғысының ардагері Минаш Садулов жетпіс бір жыл дегенде «Қызыл жұлдыз» орденін тақты. Соғыс майданында жасаған ерлігі үшін сонау қырық бесінші жылы берілген марапат, иесін енді ғана тапқан. 9 мамыр күні тоқсан үш жасқа толатын ардагерге туған күніне бұл үлкен сый болды.

4594956

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Минаш Садулов майданға 1941 жылы он тоғыз жасында әкесі Садулмен бірге аттанған. Әкесі соғыс алаңында қайтыс болып, өзі елге аман оралған. Германияға дейін жетіп, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергт і алғаны үшін» медальдарын үлкен мақтанышпен төсіне таққан ардагер. Ал сонау 1945 жылы атқыштар бөлімшесінің командирі, аға сержант Минаш Садулов өз тобымен он бір неміс әскерін өлтіріп, он алтысын тұтқынға алғаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған екен. Бірақ орден туралы осы күнге дейін ақсақал да, оның ұрпағы да хабарсыз болған.

“Былтыр інімнің баласы әкем туралы мектеп шығарма жаз деген соң, интернетке кіріп ақпарат қарамай ма. Сонда Наградный лист табады. Осындай осындай награжден орденом «Красной звезды» деген. Маған әкеліп тоғызыншы майда көрсетті. Сенбедім. Прикол шығар дедім. Военкомат ештеңе білмейді. Архивтен сұрасақ та олар подтверждает”, – дейді қлы Фауадин Минашев.

Кейін мұрағаттардан сұрастырып, Ресей елшілігіне хабарласу арқылы сақтаулы тұрған «Қызыл жұлдыз» орденін алуға мүмкіндік болыпты. Бүгін әскерилер арнайы келіп, ардагерді марапаттап, омырауына орденді тақты.

Минаш ақсақал майданда басынан ауыр жарақат алып, госпитальде ессіз күйде жатқандықтан, марапатты ала алмай қалған екен. Бірақ ардагер жетпіс бір жыл дегенде өзінің «Қызыл жұлдыз» ордені иегері екенін білгенде көзіне жас алыпты. Ардагермен қоса марапатты бүкіл ұрпағы қуанып, мақтан тұтуда. Минаш ақсақалдың өзінің төрт ұл, екі қызы, сегіз немересі мен он жеті шөбересі бар.

“Менің атам Ұлы отан соғысының ардагері. Барлаушы болған. Жетпіс жылдан кейін ол «Қызыл жұлдыз» орденін алып тұр. Мен оған өте қуаныштымын және мақтан етемін”, – дейді шөбересі Аянат Есенғожина.

Соғыста жарақатының кесірінен Минаш ақсақал сөйлей алмай қалған. Бір жылдан бері өздігінен қозғала алмай, төсек тартып қалыпты. Жасаған ерлігі ескеріліп, қаншама жылдан кейін омырауына тағы бір орден тағылғанына ақсақал іштей дән риза.

Талқылау