Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік шенеуніктер ата-анасыз қалған 6 жасөспірімге айлығынан ақша аударып, пәтер алып берді

Ақтөбе қаласында облыс әкімі Оңдасын Оразалин 6 жасөспірімге бір бөлмелі пәтерлердің кілтін табыстады. Ол жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық шараға қатысты.

Ақтөбелік шенеуніктер ата-анасыз қалған 6 жасөспірімге айлығынан ақша аударып, пәтер алып берді

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Облыста 2016-2020 жылдарға арналған жетім балаларды  қолдау бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» арнайы есепшоттар ашылған. Оған қала әкімі, бөлім басшылары, орынбасарлары, кәсіпорын басшылары, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары  ай сайынғы жалақысынан қаржы аударып отырды. Осылайша,  есепшоттары белгілі бір деңгейде толтырылған 6 жасөспірімге бір бөлмелі пәтер берілді. 

«Елбасымыздың  еліміздегі бірде-бір баланы қамқорлықсыз, қараусыз қалдырмау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға атсалысқан  өңіріміздегі белсенді азаматтарға аса ризашылығымды  білдіремін. Әр баланың тағдыры әртүрлі. Ата-анасынан ерте қалған балаларға қолдау көрсетіп,  өмірде аяқтарынан тұрып кетуі үшін  біз оларды  демеп жіберуіміз керек. Мамандық алуына жағдай жасап, оқуына қаржылай көмектесіп, баспанасының алғашқы жарнасын төлеп, осы ізгі дәстүрді жалғастырсақ,  балалар  ертең азамат болып қалыптасқанда,  өздеріне жасаған қамқорлықты еш ұмытпайды. Себебі, еліміздің ертеңі — осылар», - дейді облыс басшысы Оңдасын Оразалин

Сонымен қатар шара барысында демеушілер жастарға 30-100 мың теңге көлемінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шоттарына түсетін қаржылай сертификаттарды табыстады. 

Сондай-ақ, жетім балаларға қолдау білдіруге «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ  басшылығы да үлес қосты. Ол бүгінгі күнге дейін 44 баланың пәтер иеленуіне жағдай жасап беріпті. 

Өз кезегінде пәтер кілтін иеленген жасөспірімдер өңір басшысына алғыс білдірді. 

Бүгінде Ақтөбе қаласында 18 жасқа толмаған 436 жетім бала бар екен. Олардың 107-сінің ата-анасынан қалған мүлкі бар, ал қалған 329-ының мүлкі жоқ. Сондықтан оларға арнап «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» 329 арнайы есепшот ашылыпты. 

Талқылау