Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік келіншек күйеуіне өзі тоқал іздеп жүр

Бақытгүл Әбдіраева күйеуінің өтінішімен көптен бері оған тоқал іздеп жүр. Келіншек балаларын бөтен әйелге бола әкесіз қалдырғысы келмейтінін айтты. Мұнымен қатар, өзін сыйлаған тоқалға бұл жақсылығын қайтаруға уәде етті.

256

Бұл туралы “Айтуға оңай” бағдарламасында айтылды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Бақытгүл Әбдіраева күйеуіне тоқал іздеп жүр. Бұған жолдасының ұрпақ көбейткісі келетіндігі себеп болған екен. Ал Маралбек мырзаның өзі бәйбішесе мен тоқалының тек тату болғанын қалайтынын айтып жатыр.

“Ол кісінің жеке кәсібі бар. Өзі саудамен айналысады. Үлкен ұлым 25 жаста, Нұрмүбәрак университетінде білім алып жатыр. Діндар болғанымызбен, теріс ағымда емеспіз. Азаматымның маған деген құрметі жоғары. Оған тоқал іздеп жүргенім де рас. Келген қыз ертең менің жағдайымды түсінбей жатқаны да жарамайды. Мені сыйлаған адамды мен он есе артық сыйлаймын. Жолдасым оны үлкен жауапкершілікпен алып отырғандықтан, оның тағдырына бей-жай қарамаймыз. Ал тоқал алу мәселесін жолдасым екеуіміз көптен бері талқылап шештік. Жолдасым менің де, өзінің де туысқандарын ойлайды. Екеуімізге керегі – келген тоқалдың сұлулығы емес, оның ертең дұрыс әйел болып, бізбен тату тұра алатындығы. Мінезінің жақсы болғанын қалаймыз. Құдайға шүкір, екі ұлым бар. Бірақ біздің қазаққа ол аздық етеді екен. Көп ұрпақ сүйгісі келетін жолдасымның қалауына қарсы тұра алмаймын. Себебі, менің балаларыма да ертең араласатын туысқан керек. Тоқал келгенде жолдасым менің көңіліме қаяу түсіреді деп қорықпаймын. Оның үстіне алған әйелінің де бақытты болуға құқығы бар”, – дейді Бақытгүл Әбдіраева.

Студияда келіншектің бұл пікірін қоштағандар аз болды. Әсіресе, әйел қауымы оның екі ұлы барын тілге тиек етумен болды.

“Ұрпақсыз емессіздер. Ортақ балаларыңыз бар. Сол ұрпақтың ары қарай көбейіп, өсіп-өнетіні туралы ойлауларыңыз керек еді ғой. Алды 25 жасқа келіпті. Ертең-ақ немерелі боласыздар. Бәлкім, олардың бала-шағасы көп болатын шығар. Дәл қазір сіз жолдасыңыздың анасының рөлін атқарып жүрген сияқтысыз. Ертең өзіңізді әйел ретінде жоғалтып аламын деп қорықпайсыз ба? Ер адамның нәзік сезімі сол тоқалға ауып кетсе, ертең сіз шетте қалып қоясыз”, – дейді журналист Риза Исаева.

Бақытгүл ханым бұл туралы ойланып көрген екен. Өзі де, жолдасы да көп балалы отбасынан шыққандықтан, ұрпақтарының бұдан да көп болғанын қалайтын-ды.

“Менің өзім 8 ұл мен 8 қыздың арасынан шықтым. Ертең менің балаларыма араласатын бауыр керек. Мысалы, біз әр бауырымыздың үйіне, тойына қуана қыдырып барамыз. Ал менің балаларым тек бір-бірінің үйіне баратын болады. Мен үшін бұл қорқынышты нәрсе. Күйеуіңіздің басқа әйелмен жүрмейтініне сіз кепілдік бере алмайсыз. Менің күйеуім мені жек көргендіктен немесе көңілі суығандықтан тоқал алайын деп отырған жоқ. Ол, расымен де, өзінің ұрпағын көбейткісі келеді. Балалары көп кісілерді көрген кезде, оларға қатты қызығады. Бала-шағам көп болса, ол тоқал туралы айтпайтын еді. Ал басқа әйелге құмартып жүрсе, ол осы уақытқа дейін зина жасап, менен бөлініп кеткен болар еді. Тоқал алатынымызды нақты шешкендіктен келіп отырмын. Оның үстіне балаларымды әкесіз қалдырғым келмейді. Маған қызғаныш пен ашу сынды сезімдер жат”, – дейді ол.

Ал тарихшы маман ертең бәйбіше мен тоқалдың балаларының өзара тату болмайтынын алға тартты. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар тарихта көп кездескен екен.

“Ертең күндесіңіз келіп, одан басқа балалар туады. Балаларыңыз үлкейген соң, тоқалдың балаларымен қырық пышақ болмасына кім кепіл? Адам болған соң түрлі жағдай орын алады. Мен адамдардың өмірбаянын көп оқыдым. Түрлі сұмдық оқиғаларды білдім. Оны жұрт білмей-ақ қойсын. Тарихымызда күйеуіне тоқал алып берген бәйбішелер болды. Осы тұста, алдымен, тоқалдың кім екенін ажыратып алайық. Ол – жұртқа айтып, таныстырып, қалың малын беріп алған әйел. Көп әйел алғаннан қазақтың санының көбейетініне күмәнім бар”, – дейді тарихшы Бердалы Оспанов.

Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.


Жіберіп алмаңыз:

Ақтөбелік әйел күйеуінің опасыздығына көз жұмған құрбысына ашуланды

Қазақстандық келіншек бірнеше әйелді жүкті қылып, мүлкін тартып алған алаяқтан сақтандырды

Қазақ жігіті салақ әйеліне үй шаруасын үйрете алмағанын айтып налыды

Күйеуінен күдіктенген әйел оның қалтасына мүшеқап салып беріп жүр

Талқылау