Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбедегі терактіден қайтыс болған әскерилердің отбасына баспана берілмек

Қазақстанның Ұлттық гвардиясы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып Ақтөбедегі теракті кезінде қаза тапқан әскерилердің отбасына баспана беру мәселесін қарастыруда. Бұл туралы Ұлттық гвардияның баспасөз қызметі хабарлады.

12146581

Сурет Ақтөбе Ақпарат

“Қазіргі таңда Ұлттық гвардияның бас қолбасшылығы жергілікті атқарушы билікпен ақылдасып, қызметтік парызын атқару кезінде қаза тапқан әскерилердің отбасын баспанамен қамтамасыз ету үшін жұмыстар атқаруда”, – делінген хабарламада.

Қазақстан ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің және Ұлттық гвардияның шешімімен олардың отбасыларына 100 мың теңгеден берілген. Сонымен қатар, Ұлттың гвардияның жеке құрамы мен ішкі істер органдары құрбандардың отбасына біркүндік табыстарын аударып қаражат жинауда. Ерікті адамдар да әскерилердің үйіне көмектесіп жатыр. Бүгін, отағасы қаза болған оралдық отбасының жалдамалы бір бөлмелі пәтерде өмір сүріп жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ, бұған дейін қаза тапқан ақтөбеліктердің отбасы 5 млн теңгеден алатыны хабарланған.

Ақтөбеде  5 маусымда екі қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге  қарулы шабуыл жасалды. ІІМ деректеріне сәйкес содырлардың көбі ұсталды. Бүгінде алты адам іздеуде.

Лаңкестік салдарына 7 адам қаза тапты. Оның ішінде азаматтар мен әскери тұлғалар бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әкімдік қаза тапқан, зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмекті көрсетуде.

Ал бүгін Ақтөбедегі арнайы операция кезінде 5 лаңкестің көзі жойылды.

Талқылау