Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде жүз жасаған 20 әже бар

Ақтөбеде 100-ге жеткен 24 қарт бар, оның 20-сы – әжелер. Ақтөбелік Әсия Сарина биыл 100-інші көктемін қарсы алып отыр. Төрт баладан тараған 16 немере, 23 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отырған кейуана әлі күнге дейін өз талғамымен киім тіктіріп киеді.

ымым

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Қазіргінің қариялары дүкеннен киінгенді тәуір көреді. Бір жағынан тапсырыспен тігілген киім қымбатқа түседі. Алайда біздің «әжеміз» арнайы тігілген көйлектерді ұнатады. Және үлгісін өзі айтып, көрсетеді. Сырт адамдар жүзге келген кісіге сәндіктің не қажеті бар деп ойлайтын болар, алайда біздің әулеттің барлық мүшесі әжеміздің талғампаздығына үнемі сүйсініп отырады», – дейді қызы Сағира.

Кейуана өмір бойы тігіншілікпен айналысқан. Алған білімі болмаса да, әлі күнге дейін ескі қисса-дастандарды, «Ер Төстік» ертегісін, «Қобыланды», «Қыз Жібек» жырларынан үзінділерді жатқа оқиды. Есте сақтау қабілеті жоғары.
«Отбасының ғана емес, әулеттің ұйытқысы болып отырған Әсия әже 8 наурыз мерекесінде барлық отбасы мүшелерін жинағанды жақсы көреді. Шөбере-шөпшектерін қасына жинап алып, зейнетақысынан жырып, тиын-тебен ұстатады”.

Әсия әже қазір немерелері Асылбек пен Жақсыбектің қолында тұрып жатыр. Жүз жасаған кейуананың батасын алуға келетіндер де аз емес. Әңгіме соңында әже ақ батасын беріп, «Еліміз аман, халқымыз тыныш, іргеміз мықты болсын!» деп тілегін білдірді.

20160308002306

Тағы да бір қала тұрғыны, ғасыр жасаған кейуана Рахи Нұрманова – көктем мерекесін ерекше күтетіндердің бірі. Ол бұл күні барлық балаларын кең дастарқан басына жинайды. Биыл Рахи әже 101 жасқа толды.
Қарияны әңгімеге тартпақ болып едік, сәл мазасызданып отыр екен. Бізді айналып-толғанып батасын берді. Одан кейінгі әңгімені қолындағы келіні Бақтыгүл жалғастырып әкетті.

Бақтыгүл апаның айтуынша, Рахи әже өмірінің көп бөлігін киелі Ырғыз жерінде өткізген. Ұжымшарда еңбек етіп, туған жерінің өркендеп, өсуіне үлес қосқан. Ер мінезімен, жомарттығымен ел аузында жүріп, көпке шарапаты тиген. Байдың қызы болса да қаршадайынан еңбекке ерте араласқан. Отағасы Оспанмен соғыстан кейінгі жылдары көңіл қосып, шаңырақ көтерген. Бүгінде сол 5 баладан өрген 19 немере, 40 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отырған ғасыр құрдасы әлі күнге дейін есінде қалған оқиғаларды тізбектеп айтып береді.

Саналы ғұмырында шаңырағын шайқалтпай, атадан қалған қарашаңырақтың отын сөндірмей, бар баласына қамқор бола білген аяулы ана бүгінде зор құрметке ие. Қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген Рахи әже Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен. Бүгінгі күні елеусіз қалғаны болмаса, еңбек ардагері әлі күнге дейін тылдағы қиындықтарын еске түсірсе, көзіне жас алады.
Қимылы ширақ, әңгімешіл ғасыр иесі әлі күнге дейін «Қазақстан әйелдері» журналын сүйіп оқиды екен. Сондай-ақ, үйде отырып қазақтың термелерін, дәстүрлі әндерін айтады.

Оның айтуынша, қазір аздап сырқаттанғаны болмаса, әженің өзі тың, сөзі ширақ, ойы жинақы. Үй ішінде емін-еркін жүріп, тұрады. Тамаққа тәбеті жақсы. Мінезі бірбеткей, шыншыл. Соның арқасында өзінің бар айтқанын жасатып, немере-шөберелеріне үнемі бұйрық беріп отырады.

Рахи әженің ұзақ жасауының себебін сұрағанымызда, балалары оның үнемі «Жақсы өмір сүріп, ұзақ жасағың келсе, барлық адаммен тату бол. Кең бол!» деп ақыл-кеңес айтып отыратынын жеткізді.

Талқылау