Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде оқушы қыздардың жүктілігі жиілеп барады

Былтырдың өзіңде 63 оқушы мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып қалған. Олардың елу пайыздан астамы қазір ана атанып, оқуларын тастаған. Жүкті болғандардың ішінде тіпті 14 жастағы қыздар да бар.

20160112_04_47_05_21697

Сурет total.kz сайтынан алынды

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Ақтөбеде он төрт пен он алты жастағы қыз балалардың жүкті болуы жиілеген. Былтыр  мектеп қабырғасында жүріп, алпыс үш қыз аяғы ауыр болып қалса, биылдың өзінде үш жағдай тіркеліп үлгерген.

“Былтыр он алты жасқа толмаған алпыс үш қыз мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып қалды. Олардың елу пайыздан астамы босанды. Тек сегіз жағдайда жүктілік жасанды жолмен тоқтатылды. Қалғаны қазір босануға дайындық үстінде жүр”, – дейді Ақтөбе облысының штаттан тыс бас гинекологы Мақсат Серғазин.

Ақтөбе облысы дәрігерлері 14 пен 16 жас аралығында жүз қызға жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша тек үш пайыз қыздар аналарымен  түрлі тақырыпта ашық сөйлесіп, сырласатынын анықтаған. Ал қалған тоқсан пайыздан астам жасөспірімдер түрлі ақпаратты ғаламтордан, құрбыларынан  алатынын мойындаған. Көп ретте өз қызының жүкті екенін ата -ананың өзі кеш білетін жағдайлар жиі кездеседі екен.

“2015 жылы жасөспірімдерге қатысты оларды жыныстық қатынасқа күштеп итермелеу фактісі бойынша жиырма бір қылмыстық іс қозғалды. Көп жағдайда олар екі жақтың татуласуымен сотқа жетпей жабылып қалады. Сотқа дейін баратыны өте аз”, – дейді Ақтөбе облыстық ІІД инспекторы Мария Нұрыжанова.

Өткен жылдағы қорқынышты көрсеткіштен соң облыстық денсаулық және білім басқармасының мамандары, инспекторлар өңірдегі барлық мектептер мен  арнайы оқу орындарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жаппай бастады. Жиындарда қыздарға жаңа туған сәбиді өлтірудің ауыр қылмыс екенін,  ерте жүкті болу өз денсаулықтарына зияндығын және одан сақтанудың жолдарын түсіндіріп дәріс оқылып жатыр.

Талқылау