Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде туған анасы тастап кеткен қызды 4 жыл бойы бағып-қаққан әйелден тартып алды

Ақтөбеде туған анасы тастап кеткен 5 жасар қызды ақыры қамқоршылық мекемесіндегілер бала күтушісінен алып кетті. Бөгденің баласын бауырына басқан күтуші әйелге бұл оңай тимеді. Етегі жасқа толған Марианна Фотеску қалайда бүлдіршінді қамқорлығыма алмай қоймаймын деп отыр. Қазір кішкентай қыздың жағдайы қалай? Туған анасынан не хабар? Марианна Фотескуге білім бөліміндегілер қандай талап қойып отыр? 

Ақтөбеде туған анасы тастап кеткен қызды 4 жыл бойы бағып-қаққан әйелден қызын тартып алды

Төрт жылдан бері бағып-қағып, бауыр басып қалған Әсемгүлісіз түнімен көз ілмеген Марианнаның жылап-жылап, көзі бұлаудай болған. Таң ата салысымен балаларды қолдау орталығына келіпті. Оның айтуынша, кеше кешқұрым қамқоршылық бөліміндегілер кішкентай қызды осында алып кетіпті. Содан бері келіншекте маза жоқ, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы». 

«Мен бәрібір қызымды алып кеткім келеді. Күнде осылай келіп тұрам. Бала ғой, алдап-сулап қойдық. Шамалы осында жата тұр, комиссия қарайды да, сені жібереді дедік. Бірақ уәдең қайда, осы аптада алып кетем деген дейді қызым. Құжаттарымды дайындап жатырмын», - дейді Марианна Фотеску.

Қалалық білім бөліміндегілер заң жүзінде Марианна Фотеску Әсемгүлге мүлде жат адам екенін айтады. Сондықтан, қазір бірінші кезекте баланың туған әке-шешесі туралы ақпараттар жинастырып жатыр екен. Анасының Астанадағы мекен-жайын анықтаған. Сол жақтағы қорғаншылық бөліміне ресми хат жолдадық деп отыр. 

«Шыққан ақпарат бойынша кәмелетке толмаған баланың мекен-жайын анықтау бойынша іздестіру жұмысын жүргіздік. Анасы табылғаннан кейін баласын бейімдеу орталығынан алып кетуге мүмкіндігі бар. Егер баланың анасы тәрбиесімен айналыспай, баланы алмаған жағдайда, Пірманова Әселді ата-аналық құқығынан айыру туралы сұрақ әрі қарай қарастырылады. Ата-аналық құқығынан айрылған жағдайда қажетті құжаттар тізімдемесін жинап. Фотеску Марианна қорғаншылыққа немесе патронаттық тәрбиеге алуға мүмкіндігі бар», - дейді қалалық білім бөлімінің бас маманы Салтанат Жанетова. 

Қазір Әсемгүл қиын жағдайға тап болған балаларды қолдайтын орталықта жүр. Ол жақтағы мамандар кішкентай қыздың апта сайын Марианнамен кездесіп тұруына жағдай жасаймыз деп отыр. 

 «Мен асырап алған анасын жұбаттым. Әйел бәлкім болашақта қамқоршылығына алар, әңгімесінен оның қызға бауыр басқаны көрініп тұр. Балаға бар жағдайды жасауға тырысып жатқанын айтты. Алайда бәрі заң жүзінде шешілуі тиіс. Соған дейін бала бізде орталықта болады. Мұнда әлеуметтік педагог, психолог бәрі бар. Баламен жұмыс істеп жатыр. Қыз өте бауырмал, пысық», - дейді қиын жағдайға тап болған балаларды қолдайтын орталық директорының орынбасары Татьяна Литвинова.

Әсемгүлді уақытша орталыққа алып кеткенін естіген Марианның көршілері де уайымдап қалдық дейді. Бүгін қыздың жағдайын білмек болып, олар да ере келіпті. 

«Көлік алды сол үшін, Әсем үшін, мектепке апарып, алып келемін деп. Балабақшамен де сөйлестік, тек құжаты ғана. Әселден сұрайтыным: «Әсел, сен де шешесің ғой, көріп отырсаң егер де, Әсеманы бер Марианнаға, қарайды. Көріп жүрміз ренжітпейді , бүкіл жағдайын жасап отыр», - дейді Марианна Фотескудің көршісі Гүлмира Бимағамбетова.

Бала күтушісі Марианна мен бес жастағы Әсемгүлдің оқиғасы - киноның сюжетіне бергісіз жағдай. 4 жыл бұрын 36 жастағы келіншек туған қызын бала күтушісіне тастап, хабар-ошарсыз кетеді. Марианна бүлдіршінді қатарынан кем қылмай өсірген. Тек келесі жылы мектепке берейін десе, қолында қамқоршылықтағы бала екендігі туралы бірде-бір құжаты жоқ. Осы уақытқа дейін анасы келіп қалар деп күтумен болған. Ал туған анасы болса, әне алып кетем, міне алып кетемінмен уәде беріп келіпті. 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау