Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде тәртіп сақшылары маскүнем келіншектен екі баласын тартып алды

29 жастағы Наталья Иова үйін жын-ойнаққа айналдырып, ұлдарын ұмытқан. Енді балалары уақытша бейімдеу орталығында болады. Бұл жайлы КТК арнасы хабарлайды.

7474

Ал аналары үш ай ішінде түзелмесе, ата-ана құқығынан айрылуы мүмкін. Алаңдатарлығы, Ақтөбе облысында соңғы кезде мұндай отбасылар саны еселеп артқан.

Қаланың қақ ортасындағы бұл үй нағыз жын-ойнаққа айналған. Наталья есімді иесі мұнда қаңғыбастарды жинап, ойына келгенді істейтін көрінеді. Арақтан аузы құрғамайтын ол қос ұлын қарауды мүлдем ұмытқан.

“Маскүнемдіктен баласын ойлауға мұршасы жоқ. Тексеруге келгенде өзіміз шошып кеттік. Ұлдары аш-жалаңаш жүр. Үйде қаптаған ер адамдармен өзі арақ ішіп отыр”, – деді ювеналдық полиция инспекторы Салтанат Күшқалиева.

Қараусыз қалған балаларды алып кетуге келген инспекторлар үйден оларды таба алмады. Есесіне қаңғыбастар тайраңдап жүр.

Тәртіп сақшылары балаларды тартып алатынын келіншекке бірнеше рет ескерткен. Алайда ішімдікті ішуді қоймаған әйел, бұл жолы ұлдары есіне түссе керек, оларды алып, қашып кетіпті. Дегенмен, полицейлер оны көп ұзамай қаңғып жүрген жерінен тауып алды. Маскүнемнің өзі енді ішпеймін, жаздым-жаңылдым деп отыр.

Анасы араққа салынған ұлдардың кішісі үште. Үлкені биыл сегізге толғанда ғана мектепке алғаш барыпты. Өйткені туғалы құжат рәсімдемеген. Бірақ кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссия мұндай ананың қасына оларды қалдыруға болмайды деп отыр.

“Бейімдеу орталығына балаларды орналастыру дұрыс деп ойлаймын. Барлығы ойлайды балаларды бірден балалар үйіне беріп тастайды деп. Қайтармайды деп. Біздер бейімдеу орталығы уақытша. Ең көбі үш ай болады”, – деді Ақтөбе қалалық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның хатшысы Ботагөз Бисенова.

Енді осы үш ай ішінде Наталья Иова маскүнемдіктен айығатын болса ғана балалары өзіне қайтарылады. Дегенмен, мұндайлардың түзеліп кететіндері бірен-саран. Есесіне, қазір өз отбасының берекесін қашырып жүргендер көбейіп барады. Ақтөбенің өзінде осындай 153 отбасы тіркеуге алынған.

Талқылау