Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде өлтірілген лаңкестердің денесі туыстарына берілмейтін болды

Ақтөбедегі қанды қырғыннан соң терроризм туралы заң қайта қаралмақ. Өйткені мұнайлы өңірдегі діни ахуал күрделі күйінде қалып отыр. Сондықтан жергілікті теологтар салафизм секілді ағымға заң жүзінде тыйым салуды ұсынды. Бүгін мәжілісте де дін атын жамылып сойқан салғандарға жазаны күшейту мәселесі сөз болды.

терроршылар

Бұл туралы КТК арнасы жазды.

Ақтөбедегі теракті Мәжілістің күн тәртібіне енгізілмегенімен, депутаттар бұрыш-бұрышта осы тақырыпты қызу талқылап жүр. Енді елдің есін алған қанды қырғыннан соң терроризм мен экстремизмге қарсы күрес туралы заңды қайта қарамақшы.

«Осы жағдайлардан кейін Мәжілісте осы заңдарды қарап, оларға өзгерістер енгізу керектігін тағы да сараптайтын боламыз. Жалпы терроризм, экстремизм деген тек Қазақстанда емес, біраз мемлекеттер үшін қауіп болып тұр»,-деді мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев.

Ал теологтар Ақтөбеде ылаң салғандардың салафизм ағымының жетегінде кеткеніне сенімді. Сондықтан талай жасты тура жолынан тайдырған бұл ағымға заңмен тыйым салуды ұсынып отыр. Олардың дін атын жамылып елді адастырып жүргеніне Бекболат Тілеухан да қапалы.

«Мемлекет тарапынан мұндай тентек, қанқұйлы, террорлық шараларға қатты шара керек деп ойлаймын. Өйткені заңнан, жазадан қорықпаса, бұндай адамдар бетімен кете беретін болса, қанқұйлы әрекеттер жалғаса беретін болса, елдің тынышын бұзады. Ең қиыны бұлар діннің атын жамылғаны қиын. Дінді құбыжық қылып көрсету үшін жасалып жатқан шаралар болуы да мүмкін»,-деді мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.

Мәселен, тура жолдан тайған ақтөбелік лаңкестердің интернеттегі парақшасы. Жас жігіттер діни мазмұндағы жазбаларды көп оқығаны анық білініп тұр. Тіпті жиһадта қаза тапқандарды жұмақта хор қыздары күтіп тұр деген ойларымен жиі бөліскен. Қазір Ақтөбе облысында осындай күмәнді ағымға бет бұрғандармен имамдар қайта сөйлесіп жатыр. Жастарды исламның хақ жолымен жүруге үгіттемек.

Жалпы, Мәжіліс терроризм мен экстремизм туралы заңды соңғы рет 5 жыл бұрын өзгерткен екен. Ал 2013 жылғы Үкімет қаулысына сай арнайы операция кезінде өлтірілген бүлікшілердің денесі бұрынғыдай туған-туыстарының қолына табыс етілмейді. Олардың қай жерге көмілетіні де құпия. Тіпті бейіттерінің басына ешқандай белгі қойылмайды. Ал, жерлеу рәсімдерімен жергілікті әкімдік айналыспақ.

Ақтөбедегі лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен тағы 19 адамға іздеу жарияланған еді.

Ақтөбедегі терактіге қатысы бар тағы бір күдікті ұсталған еді.

Талқылау