Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде нашақордың кесірінен 8 бірдей отбасы үйсіз қалды

Қолдан есірткі әзірлемек болған азамат газды сөндіруді ұмытып кеткен. Енді өзінің денесі күйіп, қарт анасымен қоса ауруханада жатыр, -деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

п

Ал далада қалған көршілері пәтерлерінің жөндеуге келмейтінін айтады. Өйткені 60 жыл бұрын салынған ағаш үйлері өрттен бұрын да құлағалы тұрған екен.

Бұл үйдің тұрғындары көршілерінен кесапат келерін бұрыннан күтіпті. Өйткені есірткіге елірген ер адам екі жылдан бері мазаларын қашырған. Қайғылы жағдай болар түні де оның пәтерінен түрлі химиялық қоспалардың иісі шықты дейді көршілері. Артынша қою түтін байқалған.

Нашақор мен оның қарт анасы күйік жарақатымен ауруханада жатыр. Ал оның кесірінен 8 отбасы далада қалды.

“Әркімнің үйінде қаңғып жүрміз бала-шағамызбен, немеремізбен. Бір өзіңнің қара басың бір үйге шаққа сиясың. Бала-шағаңмен, немерелеріңмен біреудің үйінде шай ішу мүмкін емес. Бәленбай баламен кімнің үйіне барасың?”, – дейді  Ақтөбе қаласының тұрғыны Рая Бақтыбаева.

Қазір нашақордың туыстары көршілердің шуынан соң өрттен кейінгі қалдықтан үйді тазартып жатыр. Ал сегіз пәтерді жөндеу мүмкін емес.

Үй 60 жыл бұрын қу тақтайдан тұрғызылған. Кейін қабырғаларын кірпішпен қалағанымен оның жартысы сөгіліп қалыпты. Ал бағаналары қазір шеге ұстамайды. Шенеуніктер осыдан он жыл бұрын үйді сүру туралы шешім шығарғанымен, осы күнге дейін орындалмапты.

Алғаш рет 2005 жылы сол кездегі қала әкімі бұл үйді жоқ қылып, тұрғындарға пәтер беруді бұйырған. Бірақ одан бері шаһардың төрт басшысы ауысса да бұларға ешкім бас ауыртпапты. Енді өрттен соң тағы комиссия құру керек деп отыр.

Қазір өртке байланысты тексеру жүріп жатыр. Тұрғындар бар шығынды нашақордың мойнына іліп қоя ма деп қорқады. Сондықтан үй мәселесін қарайтын кезде шенеуніктердің бұрынғы шешімдеріне көңіл бөлуді сұрайды.

Талқылау