Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде қыздардың ыдысына дәрі қосып, зорлап кетудің жаңа түрі пайда болды

Редакцияға хат жолдаған автор басына түскен қиындықты сүт безінің рагына шалдыққан науқас анасына айта алмаған.

1448517907_11291-fotolia_48073318_m

Бойжеткен басынан өткен жағдайды дабыра қылғысы келмей, мамандардың да көмегіне жүгінбепті. Бірақ “замандастарымды сақтандырсам” деген ізгі ниеті бар, – деп хабарлайды kerek-info.

Ақтөбе колледжінде қатарынан  қалмай оқып жүрген 2-курс студенті қалада курстас қыздармен пәтер жалдап тұрады екен.

Ол күтпеген жерден таныс жігітінің алдауына түсіп қалғанын айтады. Онымен құда баласы арқылы танысқан екен. Сауда үйінің маңында жолығып қалған таныс жігіті қызды түскі асқа шақырған. Оның ұсынысынан бас тартпаған қыз  тамақтану орнында қолын жууыға шығып кеткен. Одан соң есін ертесіне өзге пәтерде жиған. Қасында таныс жігіті жатқан.

Ертесіне студент қыз жігіттің әлеуметтік желісі арқылы барлық мән-жайға қанық болады.

“Ертеңіне ол “Вконтакте” желісіндегі парақшасына қыздарды қалай алдап, қалай төсектес болатынын мақтанышпен жазып қойыпты. Айтуынша, қоздырғыш дәріні ғаламтор арқылы тапсырыспен алдырады екен. Сусынына түссіз, дәмсіз ұнтақ қосылған қыз ақыл-есінен жаңылып, есіл-дерті төсек болады. Мен де сөйткенмін”, – дейді Салтанат.
Салтанат осының бәрін жас қыздарды сақтандыру үшін жазып отырғанын айтады.

“Өмірде жақсы адамдардың көп екеніне күмәнім жоқ. Бірақ арам пиғылын тал түсте осындай жолдармен де жүзеге асыратын адамдар барын біле жүрсеңіздер екен”, – дейді ол.

Биыл үш мыңға жуық әйел жыныстық зорлық көрген. Салтанат “мені зорлады” деп айыптап отырған жігіттің “Вконтакте” желісіндегі парақшасында “сиқырлы” ұнтақтың жарнамасы тұр. Яғни, сол парақшадағы сілтеме арқылы өтсеңіз, бірден интернет-дүкенге тап боласыз. “Қыз-келіншектерді бес минуттың ішінде қоздыра алатын” дәрінің бірнеше қорабына тапсырыс берсең, елу пайыз жеңілдікпен де алуға болады екен.

 
Ақтөбе облыстық ІІД зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Марина Нұрымжанова “Салтанаттың тез арада полицияға шағымданғаны жөн” деп санайды.
ҚРҚК 120-бабы, 1 бөлімі бойынша жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің бұл түрі де зорлық деп есептеледі. Әдетте жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау Заңмен қудаланады. Арыз түсіп, кінәсі дәлелденген жағдайда жәбірлеуші 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Салтанат зорланып қана тұрған жоқ. Сонымен қатар өзін жәбірлеген адамнан ауру жұқтырып алған екен. Емделіп жүрген жерінен анықтама әкелсе, өз құқығын қорғай алады. Мұндай жағдайға тап болған қыздар именбей, дереу 102-ге қоңырау шалғандары дұрыс,-дейді маман.

Марина Нұрымжанованың айтуынша, осыған ұқсас жағдай өз тәжірбиесінде бұрын да болған. 40 жастағы дәрігер әйелді әріптесі түскі асқа шақырады. Басқа жердегі кездесуіне асығып тұрған дәрігерге танысы “тым болмаса, су ішіп кетсеңші?” деп қиылған. Танысының көңілін қимаған әйел сусыннан ұрттап, ары қарай өз шаруаларымен кете барған. Үйіне келген соң, денесі ырыққа көнбей, әрі-сәрі күйге түскен. Екі күн бойы жүйкесін тыныштандыратын дәрі ішіп, өз-өзіне әрең келеді.

 
Статистикаға қарағанда, Ақтөбе облысында биыл алты мың әйел зорлық-зомбылық құрбаны болып, полицияға шағымданыпты. Оның 50 пайызы жыныстық зорлық көрушілер.
Мамандар Салтанат сияқты іштен тынып жүрген қыз-келіншектердің ел арасында анағұрлым көп екендігіне сенімді. Олар көп жағдайда өз басындағы проблеманы дабыра қылғысы келмейді. Ел-жұрттың сөзінен ығады. Сөйтіп, қылмысты бүркемелейді. Одан зорлық-зомбылық азайып жатқан жоқ.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әлемдік сипат алып бара жатыр. Отбасы жағдайында әйелдерді ұрып-соғу – күні бүгінге дейін әйелдерге көрсетілетін әлімжеттіктің көш басында. Әйтсе де, дос жігіті, күйеуі тіпті әкесі тарапынан соққыға жығылатын әйелдердің 80 пайызы полицияға шағымданбайды.

Талқылау