Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде кәсіпкерді айуандықпен өлтіргендер жазаға тартылмауы мүмкін

Ақтөбелік полицейлер кәсіпкердің өліміне қатысты атышулы істі уақытша тоқтатып, марқұмның туыстары наразылық танытып отыр. Ерхан Тілеуімбетовтің өліміне қатысты істің тергеліп жатқанына бір жарым жыл болған. Туыстарының сөзінше, полиция маңызды жайтқа мән бермепті. Ер адам көлікке мінгеннен кейін із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Алайда сол көлік әлі күнге дейін анықталмаған, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Ақтөбеде кәсіпкерді айуандықпен өлтіргендер жазаға тартылмауы мүмкін

«Ол басқа жақтан келген көлік емес. Қала ішінде жүріп жұр. Себебі видеода жүргізушінің көліктен түсіп, қолын көтеріп, базардағы біреумен амандасқаны көрінеді. Демек ондағылар оны таниды. Алайда полиция әлі күнге дейін оның тұлғасын анықтай алмай отыр», – дейді марқұмның әпкесі Ғалия Есенаманова.

Ал полицейлердің сөзінше, тіпті, арнайы сараптамалар да көліктің нөмірін анықтай алмаған.

Тілеуімбетовті базардан көлікке мінгізіп алып кеткеннен кейін, отбасы оны көрмеген. Арада бір жарым ай өткеннен кейін ғана денесі қала шетінен табылған.

Ерханның өлімінен соң белгісіз біреу анасын кездесуге шақырады. Куәгер марқұмның анасына көліктің нөмірін айтып, қылмыскер туралы болжамын да жеткізген. Ол туралы тергеушілерге ескерткенімен, мән бермепті.

«Осы уақытқа дейін дұрыс ештеңе жасалған жоқ. Айтқанын диктофонға жазып алып бердім. Телефонды сол күні пайдаланып, нөмірді лақтырып тастаған. Нөмірді лақтырып тастаған жағдайда да ол баланы іздеуге болады ғой», – дейді марқұмның анасы Райхан Есенаманова.
Аталған іске қатысты тергеудің жүргізіліп жатқанынан 1 жылдан асқан. Алайда әлі күнге дейін күдікті жоқ. нәтижесінде іс уақытша тоқтатылды. Ал бақылау органындағылар істің тоқтатылуы қаншалықты негізді екенін анықтауда.

«Қазіргі таңда тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша кінәлі адамның анықталмауына байланысты қылмыстық іс бойынша тергеу мерзімі үзілген. Облыстық прокуратура аталған шешімнің заңдылығын тексеруде», – Ақтөбе облыстық прокуратурасының басқарма бастышы Азамат Құстанов.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау