Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде ер адам әйелі ұйықтап жатқан кезде 12 жастағы қызын зорлаған

Әйелі ұйықтап жатқанда 12 жастағы өгей қызын зорлаған қаскөй 15 жылға сотталып тынды. Жантүршігерлік қылмыс Ақтөбеде болған. Оның алдында ғана Ақтаулық азғын өзінің үш қызын бірнеше ай бойы зорлап келгені анықталған еді. Жаға ұстатар деректі еріктілер кездейсоқ анықтап хабарлады. Ал, Түркістан мен Қарағандыдада жеткіншектерге қатысты жан түршіктірер қылмыстардың болғаны анықталды.

Ақтөбеде ер адам әйелі ұйықтап жатқан кезде 12 жастағы қызын зорлаған

Түркістан облысы десе қазір қарапайым халық түгілі шенділердің өзінің төбе шашы тік тұрады. Өйткені жасөспірімдердің төбелесі де сорақысы, балалардың зорлануы да осы аймақта жиілеп тұр. Егер билік бір жылға статистика жасаса, өкінішке қарай дәл осы киелі Түркістан алғы сапты бермейтін сияқты. Ондағы халық та кімнен көмек сұрарын жатқа біліп алған. Мысалы, Аружан Саинға тағы бір сексуалды жәбір көрген оқушының ата-анасы көмек сұрапты, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Бізге шағымданған баланы өткен жылдың жаз мезгілінде мектептегі жоғары сынып оқушылары бірнеше ай зорлап келген. Анасы полицияға шағым түсірген. Бірақ, іс сол бойы қаралмаған. Тергелмеген. Керісінше, жергілікті шенділер мен педагогтардан қысым көріпті. Тіпті, медициналық сараптама да жасатуға кедергі келтірген», – дейді «Үй» қоғамдық қорының төрайымы Аружан Саин.

Яғни 13 жастағы оқушыға қатарластары тура мектептің әжетханасында сексуалдық қысым көрсеткен. Бір емес, алты ай бойы күштеп келіпті. Анасы ұлының мінезінен өзгерістер байқап, сұрай бастаған. Сараптама жасауға қомақты қаражаты да жоқ. Өйткені отбасының жағдайы төмен. Сондықтан, белсенділер адвокат жалдап жұмыла кірісуде.

«Бірден арызы сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізімне тіркелген ҚР ҚК 121-бабы бойынша. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұдан артық ақпарат бере алмаймыз», – дейді Түркістан облысы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.

Өкінішке орай, бұл соңғы дерек емес. Ақтау тұрғыны 10, 12 және 14 жастағы қыздарды туған әкелері мен бірге тұрған 26 жастағы азаматтың зорлағанын хабарлады.

«Мен өз құлағыма өзім сенбедім. Жан-тәнім түршігіп, өзімді қоярға жер таппадым. Қызым қатты қорқатынын айтты. Зорлағанымен қоймай, біреуге айтсаң өлтіремін деп қорқытқан екен. Бұл істі соңына дейін жеткізбей тынбаймын енді», – дейді жәбірленуші қыздардың анасы.

Бұл іс бәлкім, отбасы ішінде шешілер ме еді. Полицияға жаға ұстатар қылмыс жайлы отбасыға көмек көрсеткен еріктілер жеткізді. Қазір тәртіп сақшылары тергеуге кіріскен.

«Балалар қазір анасымен бірге. Тұрып жатқан пәтері жайлы, жылы. Қарындары тоқ, киімі түгел. Қолымыздан келгенше көмектестік. Менің тәжірибемде мұндай оқиғаға бірінші рет тап болдым. Сұмдық!» – дейді қалалық еріктілер клубының мүшесі Сабина Бейсембаева.

Ұқсас оқиға Ақтөбеде де болған. Әйелі ұйықтап жатқанда 12 жастағы өгей қызын зорлаған қаскөй 15 жылға сотталып тынды.

Ал, Сыр өңірінде полицейлер кәмелет жасқа толмаған қыз баланы зорламақ болған күдіктіні ұстады. Қылмыс осыдан он күн бұрын шаһардың Ақмешіт мөлтек ауданында орын алған болатын. Педофил мектеп оқушысын көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісінде күшпен алып кіріп, арам ойын іске асырмақ болған. Алайда айқай-шуды естіген тұрғындар жасөспірімге көмекке келіп үлгерген.

«Қызылордалық полицейлер 18 қаңтарда орын алған қылмысты ашу мақсатында жүргізілген жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, кәмелетке толмағанды зорлауға оқталған күдіктіні анықтап, құрықтады. Ол, облыс орталығының тұрғыны екені белгілі болды. Сотқа дейінгі тергеп, тексеру жұмыстарын жүргізу барысында күдікті тұлға, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлжахан Қайырбергенова.

Шыны керек, соңғы кездері жас өспірімдерге азғындық әрекет көрсетушілер көбейді. Оның бірі жақында химиялық кастрация жазасын алды. Қарағандылық азғын 10 жастағы мектеп оқушысын қорлаған.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау