Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде екі қолы кесілген оқушы жасанды тыныс алу аппаратына қосылды

Ақтөбеде Шалқар қалалық мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы ауыр халде ауруханада жатыр, деп хабарлайды Қазақпарат.

Зардап шеккен оқушы қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері баланың екі қолын бірдей кесуге мәжбүр болды.

Бұған дейін оқушы баланың тоққа түсіп, екі қолынан айырылғанын хабарлаған едік.

«Барған кезде балам бақырып жылап жатты. Алғашында мені жақындатпады. Екі қолы күйіп, сүйегі күлге айналған. Киімдері де түгел күйіп кетіп, дәрігерлер шешіндірді. Сөйтіп Шалқар қаласында екі күн бойы жатып, санавиациямен орталыққа әкелді. Балам тірі, екі қолы аман қалмайтыны бірден көрініп тұрды. Балам есін біледі, бәрін сұрап, іздеп жатты»,- дейді оқушының анасы Гүлмира Фактулина.

Анасы ұлының тоққа түскеніне мектеп әкімшілігін кінәлап отыр.

«Баламның қолы жоқ болса да, өзі бар. Аман қалмаса не істер едік? Қазір транформатордың жан-жағын қоршап, жауып қойған. Ол жер үнемі бақылауда болуы тиіс еді»,- дейді Гүлмира Фактулина.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір баланың жағдайы ауыр.

“Мұндай ота күрделі саналады. Сол себепті балаға тыныс алу аппаратын қосқан. Оқушы тұрақты бақылауда”, – дейді аурухананың анестезиолог-реанимотологы Елена Андреева.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау