Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде ауруханаға сау болып келген бала сал болып қалды

Ақтөбеде сегіз айлық баласы сал болып қалған ана дәрігерлерді кінәлайды. Бүлдіршінге ауруханада екпе салғаннан кейін 17 күн бойы ес-түссіз жатқан көрінеді.

Ал оянғанда көзі көрмей, өз бетінше қозғала алмай қалды дейді анасы. Өздеріне кінә артылған дәрігерлер болса  «жала жабылды» деп науқас баланың анасын сотқа беріп, моральдық шығын өтетпек, деп хабарлайды 31 арна.

Бұл сегіз айлық Сырғалым Өтептің ауруханаға түскенге дейінгі жағдайы. Ал қазір сәбидің қос жанары көрмей,өздігінен қозғала алмай қалған.

Айымгүл Ермаханова баласының жағдайы ауруханаға түскеннен кейін күрт нашарлап кеткенін айтады. Сәби Сырғалым үш айлығында алған жоспарлы екпеден соң, он жеті күн бойы ес-түссіз қалған көрінеді.

“Олар наркоз берген. Соны көп мөлшерде берген деп ойлаймын. Мен екі дәрігердің сөзін естідім. Олар қайталап пункция жасаған. Менің рұқсатымсыз балаға. Бала комада жатып келген жоқ, шырылдап жылап келді”, – дейді науқас баланың анасы Айымгүл Ермаханова.

Бала ауруханаға жеткізілгенде ес-түссіз болды деген дәрігерлер келіншектің жүктілік кезінде жұқпалы дертпен ауырғанын айтады.

Сондықтан ана денсаулығының жақсы болғанын жоққа шығарды.

“Шауып жүрген жоқ, шауып жүрген жоқ. Бізге комамен түсті. Біз емдеп,емдеп, комадан шығардық. Әрине, мүгедек болып қалады. Туа біткен инфекция. Бала ішінде болған кезде орталық нерв жүйесі зақымданған”, – дейді облыстық инфекциялық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Майра Нұрғалиева.

Жала жабылды деп ашуланған дәрігерлер науқас баланың анасын сотқа бермек. Тіпті моральдық шығынның өтеуін де есептеп қойыпты.

“Біз ол әйелді жала жапқаны үшін полицияға береміз. Мекеме туралы жалған ақпарат  таратып тұр. Оны жауапқа тартсын, бұлай болмайды. Сотқа беріп, моральдық шығын талап етеміз. Мұндай жалада 4,5 миллион теңге моральдық шығын талап етіледі”, – дейді облыстық инфекциялық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Майра Нұрғалиева.

Сегіз айлық бүлдіршін қазір қалалық балалар ауруханасында ем алып жатыр. Мамандар баланың қалыпқа келуі ұзақ уақытқа жалғасады деп отыр.

Тағы да оқыңыз:

Президентпен кездескен шетелдік дипломаттар қазақша сөйледі

Ақтөбеде қала тұрғынын жерлеу 80 мың, ауыл тұрғынын жерлеу 30 мың теңге болып бекітілді

Павлодар түрмесіндегі дзюдошының өліміне кінәлі түрме басшысы сотталды

Талқылау