Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 36 жастағы әйел туған қызын бала күтушісіне тастап қашып кеткен

Ақтөбеде 36 жастағы келіншек туған қызын бала күтушісіне тастап, өзі хабар-ошарсыз кеткен. Содан бері 4 жыл өтіпті. Ал көкек ана қызына асығар емес. Күтушісі бүлдіршінді қатарынан кем қылмай бағып отыр. Тек келесі жылы мектепке баратыны еске түскенде дегбірі қашады. Өйткені қолында бірде-бір құжаты жоқ. Осы уақытқа дейін анасы келіп қалар деп күтумен болған. Ал құзырлы мекемелерге барайын десе, әбден бауыр басып қалған қызды тартып ала ма деп қорқады. 

Ақтөбеде 36 жастағы келіншек туған қызын бала күтушісіне тастап қашып кеткен

Әсемгүлдің Марианнаның қолына келгендегі ең алғашқы суреті бұл. Қасы-көзі қап-қара, бұйра шашты қызға бұл отбасы бірден бауыр басыпты. Оның еңбектеген сәтінен алғаш тәй-тәй басқаны, ең алғашқы сөзі - бәрі Марианнаның есінде. Кішкентай қыздан туған анасы, бауырлары бар екенін ешқашан жасырмаған, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

Әсемгүлді анасы Марианнаға бағып-қағуға әкелгенінде небары 1,5 жаста болыпты. Келіншек оның әкесінің түрмеде отырғанын айтқан. Бастапқыда бала күтушісіне бір ай ақысын төлеген. Кейін жұмысы тоқтап қалғанын ескертеді. Келіншекті аяп, әрі қызға бауыр басып қалған Марианна жағдайы түзелгенше баланы қарай тұратынын айтады. Өйткені, кішкентай қызынан бөлек сол кезде Әсемгүлдің анасының тағы екі баласы болатын дейді. Бүлдіршін биыл даярлық тобына баруы керек. Мектепке беру үшін құжаттары жоқ. Ал Әсемгүлдің туу туралы куәлігінің көшірімесі мен медициналық картасынан басқа ешбір қағаздары жоқ. 

«Оны бізден тартып алғанын қаламаймын. Оған құжаттарын беріп, рәсімдесе деймін. Ал егер тартып алса, не істерімді білмеймін. Мен оны кішкентай кезінен бағып-қақтым», - дейді Марианна Фотеску.

Соңғы рет Марианна келіншекті осыдан екі жыл бұрын көрген. Түн ортасында қасында бейтаныс жігітті ертіп келіп, кішкентай қызын алып кеткісі келетінін айтқан. Бірақ, Марианна баланы беймезгіл уақытта беріп жібере алмайтынын ескертіп, ертең кел дейді. Содан кейін келіншек хабар-ошарсыз кеткен. Фотескулар туысқандарына, құрбысына әлеуметтік желі арқылы хат жазыпты. Бірақ баланы іздеп жатқан ешкім жоқ дейді. Тек өткен жылы Әсемгүлдің анасы «мамырда өзім хабарласам, келем » деп хабарлама тастаған. Жыл өтті, сол күйі хабарсыз. 

«Ол деген үкіметтен дым да сұрамайды. Керек емес оған. Ақша десе ақшасы бар, мал десе мал ұстайды. Арақ жоқ. Тым жақсы отбасы. Марианна жылап жүр, жүрегі ауырады мына қызға. Қалай, не болады, соны ойланып. Алып кетпесе деп... Назарбаев айтты, балалар үйі болмасын, балаларды ала берсін деді. Бақсын деп», - дейді көршісі Қарлығаш Қарашынова.  

Ал Әсемгүл өте алғыр, әрі пысық. Ешкімді жатырқамайды. 5 жастағы бүлдіршін барлық әріпті таниды. Отбасының еркесі. Марианна қараторы қызды өзінің ержетіп кеткен үш баласынан кем көрмейтінін айтты. Кішкентай Әсемгүл қолғанаты. Жазда бау-бақша күтуге, қыста қорадағы ұсақ малды қарасам деп Марианнаның соңынан қалмайды.

«Менің ата-анам, Кристина, Руслан, Антон бар. Анамның аты – Марианна. Әкемнің есімі – Дима. Бұл жер маған ұнайды. Себебі жылы...», - дейді Әсемгүл.

Әсемгүлдің туған анасымен араласқанына қарсы емес. Бірақ осы 4 жыл ішінде туған-туысқаны былай тұрсын, ағайындарының іздеп келмегеніне таң қалысты. Іздеушісі жоқ бүлдіршіннен бас тартпай, асырап алуға әзір. Ең бастысы анасы мен әкесі рұқсатын берсе, қызды қатарынан кем қылмаймыз деп отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау