Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 14 балалы отбасы пәтер жалдап жүр (фото)

Ақтөбеде 14 балалы отбасы пәтер жалдап жүр. Новиковтардың қатары таяуда ғана толығып, Дамир есімді сәби өмірге келген болатын. Ақтөбе қаласындағы ғана емес, еліміздегі бірегей оқиға туралы дәрігерлер айтып, сүйінші сұрады. Бірақ, көпбалалы отбасының әлеуметтік жағдайы айтылмай қалды. Новый ауылдық округінің әкімі Бақыткелді Мыңжасардың айтуынша, ол көпбалалы отбасыға пәтер іздеп жүр. Жергілікті әкімдік бір жылдық пәтерақысын төлеп беруге уәде берген,- деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

14-2

«Новиковтар отбасы Новый ауылдық округінің Құрашасай ауылына 2-3 жыл бұрын келді. Отағасы жол салатын компанияда жұмыс істеп, отбасы қалаға қоныс аударды. Бұрын Мәртөк ауданында тұрған. Әлия Новикова жақында ғана 14-інші перзентін дүниеге әкелді. Балалардың әкесі әлі күнге дейін жол компаниясында күзетші болып жұмыс істейді. Бір қызы облыстық ауруханада медбике болып еңбек етеді, бір қызы тұрмысқа шықты. Отбасында студент те бар. Ал 6 баласы мектепке барады. Мектеп жыл сайын киіндіреді, ұстаздары жәрдем береді. Әкімдік те жәрдем береді. Балалы болған күні перзентханаға бара алмадық. Бірақ, Новый ауылдық округінің әкімдігі үйіне барып, азық-түлік, сәбиге киім-кешек апарып берген едік»,- дейді Новый ауылдық округінің әкімі Бақыткелді Мыңжасар

14-1

Ауыл әкімінің айтуынша, Новиковтар отбасы тұрғын үй кезегінде 135-інші болып тұр.

«Көпбалалы ана санатында 6 бала болса да, 14 бала болса да бір кезек бар. Ешкімге артықшылық бермейді. Жақында қалалық әкімдік маған «ыңғайлы пәтер тап» деп тапсырма берді. Қазіргі тұрып жатқан үйі кішкентай, ыңғайсыз. Құрашасай ауылынан іздеп едік, таппадық. Бұл жерде бос тұрған үй жоқ, ауылда әркім өз үйінде тұрады. Алдағы уақытта Оңтүстік Батыстан, Жаңақоныс ауылынан қараймыз. Демеуші кәсіпкерді тауып, бір жылдық пәтерақысын төлеп беруді жоспарлап отыр. Қалалық әкімдік «жақын күнде 500 мың теңге ақша тауып береміз» деді. Бірақ, бұл да нақты шешілген жоқ»,- дейді әкім Мыңжасар.

Айта кетейік, Новиковтар отбасы әлеуметтік жәрдемақы алады. Ал атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Себебі, отбасының орташа табысы сәл асып кеткен.

Новиковтарға Құрашасайдағы мектеп те жиі көмектесіп тұрады. Оқушыларына арналған киімді, қажетті оқу құралдары мен кітапты мектеп дайындап отыр.

«Балалары тәртіпті, ұқыпты, үлгерімі жақсы. Біз қолдан келер көмекті беріп отырмыз. Өткен жылы 100 мың теңге бөліп, киім-кешек берілді. Биыл да қолдау болды. Балалар көпбалалы отбасы ретінде тегін тамақтанады. Ұл-қыздары даярлық сыныбында, 3, 5, 7, 8, 9-сыныптарда оқиды»,- дейді №58 орта мектеп директоры Төлеген Қосниязов.

Айта кетейік, Новиковтар отбасы халықтан көмек сұрап, өздерінің әлеуметтік жағдайын айтқан емес. Қазіргі уақытта мән-жайды тек әкімдік қызметкерлері ғана баяндап отыр.

Бұған дейін 41 жастағы әйелдің 14-ші сәбиін дүниеге әкелгені жайлы жазған едік.

 

 

 

Талқылау