Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 11-сынып оқушысы терактіге қатысы бар күдіктілердің тізіміне енген

Ақтөбе облысы, Мартұқ ауданы, Байнасай ауылындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Сағынған Сейітқали Ақтөбеде болған терактінің тізіміне кіріп кеткен.

photo_188100

Бұл туралы “Диапазон” хабарлайды.

Белгісіз адамдардың тізімі қанды теракті орын алған 5 маусымнан кейін интернетте жарияланған болатын. Кейінірек ол тізім түлек оқуға тапсырмақ болған транспорт және коммуникация колледжінде де пайда болған.

Сағынғанның әкесі жоқ, анасымен бірге тұрады.

“Менің терактіге қатысы бар күдіктілердің тізімінде екенімді достарым телефон шалып айтты. Мен сенбей, әзіл шығар деп ойладым. Сосын WhatsApp арқылы тексеріп көрдім. Қорыққан жоқпын, бірақ колледжге оқуға алмай қоя ма деп уайымдадым. Біраз балалар хат жазып, менімен араласуды тоқтататындарын да айтты. Көбісі мені әлеуметтік желіде бұғаттап, өз өмірлерінен де сызып тастады. Мен оларға тізімге қателесіп қосып жібергенін түсіндіріп жатпадым. Бірақ, өзім қатты мұңайдым,” – дейді ол.

Оқушының ағасы Шайхслам Жалғасбаев туыстары тізім туралы 12 маусымда білгенін айтты.

“Әкім бізді кешкісін әкімдікке шақырды. Мен сенбей, бұл қате екенін айттым. Білесіздер, кішкентай ауылда сөз тез тарайды. Бізге бұл бағдарлаудың Қостанай облысынан жасалғанын айтты. Тізімде жүрген суретке ол былтыр жеке куәлік алатын кезде түскен. Біз Мартұқ аудандың полиция бөлімшесіне барып арыз жаздық, олар қаладағы ІІД-не, ал олар ҰҚК департаментіне жіберді. Ешкім ештеңе айтпайды, кешірім де сұрамайды. Телефон шалып, қателесіп кеткенін айтып баланы тынышталдырса болады ғой”, – дейді ағасы.

“Ал оған зардап шегушілердің туыстары шабуыл жасаса не болмақ? Тізімде жүрген адам қалада еркін жүріп-тұрған кезде, біреуінің жесірлері көріп қалса, қиын болады ғой. Бізге ештеңе керек емес, тек кінәлі емес деген бір жапырақ қағаз берсе болды”, – дейді ашынған ағасы.

Өз кезегінде Байнасай орта мектебінің директоры Виктор Мезенец Сағынғанның ақкөңіл, еңбексүйгіш, жауапты оқушы екенін айтты.

“Бұл тізімге қайдан тап болғаны белгісіз. Өзіміз де түсіне алар емеспіз. Ауылдан ешқайда шыққан жоқ. Мұның қате екеніне еш күмәнданбаймын”, – дейді директор.

Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Руслан Бегімбетов түлектің қайда қаласа сонда оқуға түсе алатынын айтты.

“Ереже бойынша оның оқуға түсуіне еш кедергі жоқ. Кез-келген оқу орнына барып құжат тапсыра алады. Оның құқығы бар. Ондай тізімге біздің қатысымыз болған жоқ. Біз тек оқу процесіне жауап береміз. Егер бала таза болса, ештеңеден қорқып керек емес”, – дейді шенеунік.

Ал ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының орынбасары Бурин, терроризм актісі бойынша іс материалдарының қазір сотқа дейінгі тексеру кезеңінде екенін айтты. Ал облыстық террорға қарсы операция жедел штабы іздеуде жүрген күдіктілер бойынша бағдарлауды әлеуметтік желіге жария етпегендерін айтты.

Бұған дейін бірқатар адамдар өз аты-жөндерін терактіге қатысы бар күдіктілер тізімінен көріп таңқалған еді. Тіпті бірі видео түсіріп, өзінің тірі екенін де “дәлелдеді”.

Талқылау