Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында әскерде аяусыз соққыға жығылған жігітті әке-шешесі үйінде кісендеп ұстап отыр (фото)

Ақтөбе облысында 25 жастағы зіңгіттей жігітті әке-шешесі кісендеп ұстап отыр. Өйткені Азамат Боқанов талмасы ұстағанда ешкімге бой бермейді. Өзінің не істеп, не қойғанын да білмейді екен. Тіпті жақында әкесінің саусағын шайнап тастаған деп хабарлайды КТК.

ьотим

Ол мұндай дертке әскерде жүргенде шалдығыпты. Өзінің айтуынша, сол жақта сарбаздар жабылып ұрған. Кейін басшылары талмасы бұрыннан бар деген желеумен үйіне шығарып салған көрінеді.

Құмсай ауылында тұратын Боқановтар отбасы 25-тегі ұлын дәрменсіздіктен байлап ұстауға мәжбүр. Зіңіттей жігіт талмасы ұстаған сәтте ешкімге әл бермей кетеді. Жақында тіпті әкесінің саусағын шайнап тастаған.

“Анда-санда «көтеріледі». Сол көтерілген кезде көшеге шығып біреуге зияны тиіп кете ме деген ой болды . Аяқ-қолы байлаулы тұрады. Сонда да сол саусағымды тістеп алды”, – дейді әкесі Нұнбай Боқанов.

ьтрпима

Азаматты ата-анасы бір сәтте көзден таса қылған емес. Өзі де ауладан әріге шықпай, күндіз жақындарына қолғабыс беріп жүреді. Тек түнде бұл шаңырақтың тыныштығы қашады. Азамат көтерілгенде не істеп, не қойғанын білмейді.

“Күндіз дені сау адам құсап жүремін. Әке-шешемнің қасында жатамын құттай бала сияқты. Былай-былай шыға да алмайсың. Шаршадым.Түсінбеймін. Емделгім келеді”, – деді Азамат Боқанов.

Бұл дерт жігітке әскерде тап болған. Ауыр соққы алған күні алғаш есінен танады. Үшаралдағы бөлім басшылары төбелес болғанын жасырып, оны эпелепсиямен ауырған деп еліне шығарып салған көрінеді.

рттр

“Бесеуі жабылды. Төбелес қалай аяқталғанын өзім де білмей қалдым. Таңертең казарма ішінде жатырмын. Тұла бойым, аяқ-қолым тартылып”, – деді ол.

Отан қорғаймын деп барып, ауру жамап қайтқан ұлының болашағына ата-анасы алаңдайды. Көтерілгенде аласұратын онымен арпалысып өздері де шаршаған. Осы күнге дейін көрсеткен мамандардың ешбірі нақты диагнозды қоя алмады. Тіпті жындыханаға жатқызған. Ондағылар сау деп шығарып салыпты.

“Жылап-еңіреп әкесі екеуміз бармаған жеріміз жоқ. Ресейге дейін бардық осыған бір шипа іздеп. Біз баламызды армияға ауру боп қайтсын деп жібермеген едік”, – дейді Боқановтың анасы Зылиха Смағұлова.

Бұл отбасы емші десе елеңдеп, ұлдарының дертін анықтайтын маман іздеп отыр. Аймақтағы денсаулық сақтау басқармасындағылар ем-домымен айналысамыз деп уәде етті. Десе де, осындай жағдайға тап қылған әскерилердің әрекеті кеш болса да жауапсыз қалмаса деп тілейді ата-анасы.

Сот Атырау облысы тұрғынының балаларын намаз оқуға мәжбүрлеуіне тыйым салды

Ақтөбені қанға бояған террористердің ісі сотқа жіберілді

Алматыда қыз жүкті екенін жігітінің көлігіне жазып кеткен (фото)

Талқылау