Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында ақтүтек бораннан жүргізушілер көлікте түнеп жатыр

Ақтөбеде жүздеген көлік жолаушылармен қар құрсауында қалған. Ал, қысы-жазы батпақ боп жататын Атырауда айдалада қалған жүзден аса адам құтқарылған. Мұнда айналдырған екі күн ішінде үш айлық қар жауды.  

Безымянный

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Қазір мұнда екі ауданға апаратын жол мен республикалық «Самара-Шымкент» трассасы жабық. Қарды аршуға тіпті ішкі әскер сарбаздарын да тартыпты.

Ақтөбе шетіндегі мектеп екі күннен бері өзбек азаматтарының мекенін айналған. Боранда айдалада қалған оларды құтқарушылар осында жеткізіпті. Тоңып қалған өзбектер ыстық тамақ ішіп, жылы жерде естерін әрең жинап жатыр.

“Арамызда үсігендер де болды. Дәрігерлер көмек берді. Бір жасқа толмаған сәбиді де анасымен тексеріп кетті. Олардың жағдайы жақсы”, – дейді Өзбекстан азаматы Ахметжан Усманов.

Жолда қалған жүз шақты шетелдіктің алды елдеріне пойызбен қайта бастаған. Ақша таба алмағандарына жергілікті тұрғындар қол ұшын беруде.

Нұрлан Баймурзин, М.Арын атындағы орта мектеп директорының орынбасары: “Ақшасы жетпей тұрған екі азаматқа теміржолға билетке өзіміздің қалтамыздан шамалы қостық. Ол айтарлықтай көмек емес. Ақшасы жетпей тұрғаннан кейін қарап тұра алмадық”, – дейді.

Жалпы облыс бойынша жүздеген көлік ұйытқыған боранда қарға көміліп қалған. Алты жүзден астам адам қар құрсауынан құтқарылды. Жартысынан көбі Ташкентке бет алғандар. Мамандардың өздері соңғы он жылда мұндай дүлей дауылдың болмағанын айтады. Тіпті құтқару шараларына ішкі әскер сарбаздарын тартуға тура келген.


“Үш малшы жоғалып кетіп еді. Соның Мұғалжар ауданы Мұғалжар аумағында үш малшы өздерінің тапқырлығымен, өжеттілігінің арқасында табылды. Мал бағып, мал қарайды шығып кеткен енді. Бұл жерде бір үймен екі ортаның арасында адасып кететін жағдай болды”, – деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ернұр Өтегенов.

Боранға байланысты әлі күнге дейін екі ауданға қатынайтын жол жабық. Республикалық Самара-Шымкент жолына да бөгет қойылған. Қысы-жазы балшық кешіп, батпақ боп жүретін атыраулықтар үшін биылғы жаңа жыл да естен кетпестей болды. Мұнда да боран ұйытқып, жолда адасқан жүздеген адам құтқарылған. Қазірдің өзінде комуналдық қызмет облыс орталығын толассыз жауған қардан аршып үлгермей жатыр.

“30-нан бері жауды қар, халық шығарып жатыр көшеге, бұрын жауғаннан кейін алып кететін уақыттары болып еді, енді шығаратын жер жоқ. Бір-екі күн ішінде жылынады деп жатыр. Басты көшелерді тазартып болғасын келетін шығар”, – дейді Айбек Әбдірахманов, Атырау қаласының тұрғыны.

Синоптиктер бірер күнде батыста боранның беті қайтып, аяз күшейетінін айтады. Қазірдің өзінде кейбір аудандарда сынап бағанасы 20 градусқа төмендеген.

Талқылау