Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында адам қағып өлтірген әкім оқиға орнынан неліктен қашқанын түсіндірді

Ақтөбе облысында адам қағып өлтірген ауыл әкіміне қатысты сот басталды. Кеңқияқ елді мекенінің басшысы болған Нұрлыбек Қалмағанбетов жарты жыл бұрын машинасымен жол жиегінде тұрған көлікке соғып, жанындағы екі жігітті басып өткен. Салдарынан 21 жастағы Әділхан Қуанышәлин оқиға орнында қаза тапты. Ал қасындағы жігіт қазір жазылып шықты. Ең сорақысы, шенеуніктің ол кезде көлік айдауға құқығы болмаған. Онымен қоймай, сол күні мас екен, – деп хабарлайды ктк арнасы.

Снимок экрана (116)

Жарты жыл бұрын қызметтік көлігімен жас жігіттің өмірін қиған әкімнің қылығы көпшіліктің жағасын ұстатқан еді. Өйткені Кеңқияқтың басшысы Нұрлыбек Қалмағанбетов жол жиегінде тұрған көлікті соғып, жанындағы екі жігітті басып өтеді. Онымен қоймай, қансырап жатқан ауылдастарын көре тұра оқиға орнынан қашып кеткен.

«Жол-көлік оқиғасын жасап, нәтижесінде ауыр салдарға әкеп соққанын біле тұра зардап шегушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетпеген. Жол көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалды», – дейді Темір ауданы прокурорының орынбасары Еркебұлан Ермекбаев.

Мұнайлы ауылға әкім болардың алдында Нұрлыбек Қалмағанбетов көлік айдау құқығынан айырылған. Ол кезде де мас болып ұсталыпты. Әйтсе де, әкімшілік жаза оған сабақ болмаған сыңайлы. Өйткені апат болар күні де рульге ішімдік ішіп отырған.

«Масаң күйде болды. Ішкені сезіліп тұрды. Иісі шығып тұрды».

Шенеунік әлі де «сол күні сау едім» деп отыр. Ал апаттың кешқұрым абайсызда болғанын айтып ант-су ішуде.

«Бірінші басқан жоқпын деп ойладым. Қайтқан баланы көргенде жоқпын. Содан мен де шокта кетіп қалдым. Мен қашқан  жоқпын», – дейді айыпталушы Нұрлыбек Қалмағанбетов.

Әкім қағып өлтірген Әділхан Қуанышәлиннің ата-анасы кешірім беруден бас тартқан. Олар жол бойында қансырап жатқан баласын тастап кеткен Қалмағанбетовтен түңіліп отыр.

«Жәбірленуші тарап әкімнен өзге Кеңқияқтағы амбулатория дәрігерінің де жазалануын талап етіп отыр. Өйткені жол-көлік оқиғасы болған күні шенеунік ішімдік ішпеді деп анықтама беріпті. Ал онысы кейін өтірік болып шықты».

Өтірік екені сараптама арқылы дәлелденді. Ал сотқа шақырылған куәгерлердің жартысынан көбі ауыл әкімдері мен мемлекеттік қызметкерлер екен. Араларында кәсіпкерлер де бар. Өйткені Қалмағанбетов апат болатын күні кешқұрым солармен кездескен көрінеді. Бірақ олар шенеунікпен дастархандас болғанын жоққа шығарып отыр.

Талқылау