Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаулық зейнеткер қуыршақтарға түрлі ұлт өкілдерінің киімдерін кигізді

Ақтаулық зейнеткер Валентина Логвинованың үйінде қазақ, орыс, әзербайжан мен грузин секілді барлығы 40-тан астам ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатыр. Шебер әжей зейнетке шыққан соң ерекше ермекке бет бұрыпты. Ол қуыршақтарға көйлек тігуді ұлттық киімдердің тарихын зерттеуден бастайды екен.

Безымянный

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Валентина Логвинованың шаңырағында түрлі ұлттың өкілдері өмір сүреді. Қолөнер шебері қуыршақтарға ұлттық киімдер тігіп, елімізде тұратын сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдеріне айналдырған. Араларынан XVIII-XIX ғасырдың сәнқой бикештері мен ертегі кейіпкерлерін де кездестіруге болады.

Үлгісін дайындаған соң киімді бір айдай тігеді.

“Түрлі ұлттың киімін тіккен өте қызық. Әр халықтың ұлттық киіміне ерекше мән беріп қарауың керек. Ешқайсысын бөліп жармаймын. Өйткені мен үшін әрбір ұлттың болмысы қызықты. Барлығының да өзіне тән мінезі мен бет-әлпеті бар. Қуыршақтарды жасай отырып, өз үйімді көпұлтты Қазақстанға ұқсатамын”, – дейді зейнеткер Валентина Логвинова

Әлем халықтарының қуыршақтарынан бөлек, XVIII-XIX ғасырдың сәнқой бикештері де сөрелерден орын алған. Француз, испан, ағылшын аруларының киімдері көз тартады. Зейнеткер тігіншіліктен бөлек, ән айтқанды жақсы көреді. Бірнеше жылдан бері ардагерлер ансамблінің белді мүшесі.

“Валентина біздің топқа жетекшілік етеді. Қолы қалт еткенде мата қалдықтарынан таңғажайып киімдерді тігіп шығады. Жоқтан бар жасады деген осы емес пе?”, – дейді қала тұрғыны Светлана Новицкая.

Қуыршақтарына қарап тұрып, сол ұлттың тарихы мен болмысын түсінгендей боласың. Шебер әжей енді кавказ халықтарының ұлттық киімін тігуді қолға алмақ. Әзірге мерекелік концертке дайындық үстінде.

Талқылау