Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаулық нәзікжанды 200 тонналық кранды басқарады

Ешкімде жоқ ерекше кәсіпті игеріп, ерлерге тән мамандықты меңгерген әйелдер бар арамызда. Мәселен, Лилия Романенко Ақтау теңіз портындағы порталды крандарды басқарады. Келіншек салмағы 5 тоннадан 60 тоннаға дейінгі ауыр жүктерді ұршықша иіріп, оп-оңай тасымалдауға әбден машықтанған.

0227552cc89995889466ced5fce9092a_L

Бұл туралы 24.kz сайты хабарлайды.

Биіктігі – 300 метр, салмағы 200 тоннадан асатын алпауыт. Ол осы алыптың шыңына шыққанша асығады. Оның нәзік қолдары күніне 2 мың тоннадан астам жүкті тиесілі жерге дәлдікпен жеткізіп отыр. Лилия Романенко 23 жылдан бері Ақтау теңіз портындағы порталды крандарды басқарады. Нәзікжанды машинистің арқасында тонна-тонна металл мен бидай кемелерге тиеліп, діттеген жеріне кетіп жатыр.

“Кішкентай кезімнен биіктікті жақсы көретінмін. Барлық көрініске көктен қараған ұнайды. Теңіздің жағалауы тұнған романтика. Шағаланың қиқуы, тербетілген кемелер. Алайда менің мамандығымның өзіне тән ерекшелігі де бар. Жауапкершілік қажет. Ілмектегі тонналаған жүкті межелі жерге қою үшін қырағы болуға тиіссің. Осы мамандықты таңдағаныма өкінген емеспін, керісінше, мақтан етемін”, – дейді Лилия Романенко.

Ерлерге тән кәсіпті игерген аруды әріптестері осы қасиеттері үшін жоғары бағалайды. Айтуларынша, краншы қыздар зергерлер сияқты ұқыпты болатын көрінеді. Сондықтан, нәзік әрі сынғыш жүктерді тиеуді Лилияға ғана сеніп тапсырады.

“Контейнерге жұмсасаң, контейнерді орнына қолмен алып келгендей қылып қояды. Қандай жүкті де болсын дәлдікпен қояды. Ол оңай емес. Негізі ер адамның жасайтын жұмысы ғой. Бірақ Лилия ер адамдардан артық жасамаса, кем түспейді. Дәлдігі, қызмет етуі жағынан, сабырлық, шеберлігі жағынан өте жоғары бағалаймыз”, – дейді Ақтау теңіз порты жүк тиеу кешенінің стивидоры Ержан Ерімбетов.

Алып та ауыр крандарды басқару оңай шаруа емес. Биікте отырып өзіңнің ғана емес, өзгенің де тағдырына жауаптысың. Сондықтан, теңіз айлағындағы крандардың жүргізушілері аса мұқият болуы тиіс. Краншылардың жұмысына тек ауа райы ғана бөгет болуы мүмкін. Желдің жылдамдығы секундына 18-20 метрден асқанда, порттағы кранның жұмысын доғарып, төменге түсуге тура келеді. Себебі, боранды күні ілмектегі жүкті тиісті орынға қою мүмкін емес. Бүгін өңірде қатты дауыл соғып тұр. Сондықтан, порттағы жүкті тиеп, түсіру жұмыстары уақытша тоқтатылды. Бүгінде Ақтау теңіз портында 200-дей ару жұмыс істейді. Солардың екеуі ғана теңіздің жағасындағы алып крандарды басқарып жүр. Ерлерге тән ерекше мамандықты меңгерген нәзікжандылар қашан да құрметке лайық.

Талқылау