Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда жүкті әйелдерге арналған мобильді қосымша пайда болды

Ақтаулық аналар жүктілік кезеңінде дәрігер кеңесін үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік беретін мобильді қосымша қызметінің шарапатын көріп жатыр. IT-технология енгізілген тың жоба «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 82-қадамы аясында сәтті жүзеге асты.

article686

Бұл туралы “Хабар 24” хабарлайды.

Ұялы телефонға қондырылатын бағдарлама жүкті әйелдің емхана дәлізінде кезекте тұру азабынан біржола арылтады. Шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда, SOS батырмасын басу арқылы жедел жәрдем шақыртады. Бұл ретте мекенжайды көрсетудің қажеті жоқ. Барлық ақпар бірден монитор бетіне шығып тұрады.

Қазақ елі қолға алған бұл жоба – ТМД мемлекеттері үшін тың жаңалық. Жүктілік кезеңінде қашықтықтан дәрігер кеңесін алуға мүмкіндік беретін байланыс құралымен 45 мыңдай қазақстандық әйелдер қолданады. IT-технология шілде айынан бастап өңірдегі емханаларда қолданысқа ене бастады.

“Тәулігіне 24 сағат емдеуші дәрігеріммен онлайн байланыста болуым қуантады. Емханаға белгіленген күні ғана барамын. Бұрынғыдай кезекте отыруды ұмыттым. «Қазақстан сандық үлгідегі қызмет түрлеріне көшу керек» деген Елбасы сөзін жиі естуші едік. Қазірде бұл пікірдің дұрыстығын болашақ ана ретінде түсініп жатырмын”, – дейді қала тұрғыны Жанар Кішкенбаева.

Мобильді қосымшаны пайдалану үшін дәрігер қабылдауына келесіз. Сол жерден бағдарламаны ұялы телефоныңызға қондырған соң, сандық жүйеге кіруге мүмкіндік беретін құпия сөзді аласыз. Яғни жүкті әйел мен дәрігер арасындағы байланысты бөтен адам білмейді.

Мамандар өз кезегінде болашақ ана білуі тиіс қағидалар мен қажетті дәрілерді хабарлама жазып, онлайн жолдау арқылы кісі қабылдау уақытын үнемдейді.

“Жүкті әйелге шұғыл көмек қажет болса, SOS түймесін басады. Оны байқау оңай, үлкен қызыл шеңбер сандық бағдарламаның бастапқы парағында тұр. Шақырту сигналы жедел жәрдем станциясына жеткен бойда дәрігерлер дереу жолға шығады. Геолакация арқылы ұялы телефонның қай жерде екенін анықтаймыз”, – деді қалалық №1 емхананың акушер-гинеколог дәрігері Валерия Лагай.

Мобильді қосымшаны пайдаланушылар әркез сайын жүкті аналарға арналған пайдалы кеңестерді де алып тұрады. Яғни екіқабат әйелдерді жиі мазалайтын көптеген сауалдарға тұщымды жауап та дайын. Ақтаудан шалғай орналасқан медициналық кешендерге қосымша компьютерлер жеткізілуде. Олар іске қосылысымен, бұл жоба облыс аумағын толық қамтиды.

“Біздің мамандарымыз оқытылды. Астана қаласындағы орталықтан арнайы келіп, енгізіліп жатқан жүйемен қалай жұмыс істеу керектігін оқытып кетті. Осы жылдың аяғына дейін бұл жүйемен облысты толықтай қамтамасыз етеміз. Ол үшін біз қосымша компьютерлермен қамтамасыз етіп жатырмыз. Қазірдің өзінде облысымыз 90%-ға қамтылып тұр. Жылдың соңына дейін 100%-ға жеткіземіз”, – деді ңірлік денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәнім Танаева.

Сандық жүйе әзірге Ақтаудағы екі емхана мен Жаңаөзен ауруханасында қолданыста бар. Жоба жасақтаушылары Мұнайлы, Түпқараған, Бейнеу аудандарының дәрігерлерін оқытып жатыр. Ақхалаттылардың айтуынша, күзге дейін тіркеуде тұрған 10 мыңға жуық жүкті әйел мобильді қосымшаны ұялы телефондарына қондырады екен.

Оқи отырыңыз:

Елімізде жедел жәрдем қызметі науқастарға ауру белгілеріне қарай көмек көрсететін болады

Медициналық сақтандырудан тыс қандай ауру түрлері тегін емделеді?

Алматы облысында түйенің сүтімен, зәрімен сауықтыратын емхана ашылды

Жүрек талмасы ұстап қалған жағдайда 10 секунд ішінде өзіңізді құтқарып қалу жолын үйреніңіз

Талқылау