Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда мыңдаған адам қаржы пирамидасына сеніп, ақшасынан айырылып қалды

Қаржы пирамидасы тағы мыңдаған адамның қалтасын қаққан! Аңғал жұрт қашанғыдай жарнамаға сеніп, банктен алған несиесінің 40 пайызын «Финстатус» деген компанияға апарып беріпті. Келісім бойынша фирма бүкіл қарызды жабу керек болған екен. Алайда, ақпан айынан бері бірде бір төлем жасалмаған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

5602550df0ef6

Сурет gasoilmoney.ru

Өйткені, «Финстатус» басшысы алаяқ деп айыпталып жатыр. Ал есеп-шоттары бұғатталған. Енді екі ортада банкке қарыз болып қалған тұрғындар фирмаға берген ақшаларын да қайтара алмай жүр.

Мұң-мұқтажын айтуға жиналған ақтаулықтардардың бас-басына бір емес, бірнеше несиелері бар. Бәрі «Финстатус» компаниясының клиенттері. Мекеме жұрттың банктен алған несиесінің 40 пайызын алып, бүкіл қарызды жабуға уәде етіпті. Сенімге кіру үшін басында қарыз жабылған да екен. Бірақ кейін құзырлы орындар компанияның есеп шотын бұғаттап тастаған.

“Финстатусты” прокуратура, салықшылар неге қарамаған?! Бұл жерде қаншама қарайған халық зардап шегіп отыр”, – дейді тұрғын Амантай Серікбаев.

Оңай олжаға алданып, аяқасты белшеден қарызға батқандар саны Қазақстан бойынша 2 мыңнан асады. Мәселен, несиесі жабылмай, үстемесі көз алдарында өскен мына борышкерлер Алматыға әр аймақтан келген. Көбі “Финстатус” компаниясына қаржылық жағдайы қиындағаннан кейін жүгініпті.

“Мен Павлодардан келіп тұрмын, мында Талдықорғаннан, Талғардан, осы Алматының кісілері бар. Осы компанияға өз еркіммен келдім. Кредит төлей алмай қиын болып жатты”, – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Арман Изаев.

Ал компания есеп-шоты ақпан айынан бері бұғатталып тұр. Ал директорына қатысты алаяқтық бабымен іс қозғалған. Қазір үйқамақта. Бірақ өзі мұны ешқандай алаяқтық санамайды. Айтуынша, Еуропа елдерінде бар кәсіп. Жұрттан алған ақшаны бизнес-серіктестеріне қарызға беріп, үстемесіне елдің несиесін жабады екен.

“Негізі, мұндай компаниялар шет елдерде бұрыннан бар. Өзге қызметтерден түскен пайыздық үстемелер арқылы несиелерді жабамыз. Әрі халықтан алған ақшаны сақтандырып отырамыз. Ешқандай алдау жоқ”, – дейді “Финстатус” ЖШС директоры Александр Черненко.

Бірақ мұндай уәжбен құзырлы орындарды сендіре алмасы анық. Өйткені, “Финстатустың” тірлігі нағыз қаржылық пирамида дейді салықшылар. Сондықтан заң алдында жауап берулері тиіс.

“Бұлардың қызметінің басты мақсаты – қарапайым адамдардың берген ақшасы арқылы, пайда көру. Басқа тұлғаның берген қаражатының арқасында, бір тұлғаның кредиттерін жауып отырған”, – деді Алматы қаласы мемлекеттік кіріс департаментінің басқарма басшысы Еділ Әзімшайықов.

Қазір директормен қоса тағы 5 адам тергеліп жатыр екен. Сондай-ақ салықшылар «Финстатустың» тағы 10 фирмамен сыбайлас болғанын анықтапты. Соған қарағанда, алданған тұрғындардың саны 2 мыңмен шектелмейтін сыңайлы.

Талқылау