Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда көз жұмған қыздың ата-анасы: Біз дәрігерлерге баланы емханаға жатқызыңдар деп жалындық

Ата-анасы бұл ауыр қайғыға жергілікті балалар ауруханасының дәрігерлерін кінәлауда. Айтуларынша, екі күн бұрын жеген шаурманың кесірінен кішкентай қыздың іші ауыра бастаған, деп хабарлайды КТК арансының сайты.

Безымянный

Бірақ дәрігерлер соған назар аудармай, дер кезінде көмек көрсетпепті. Бірақ ақ халаттылардың айтуы басқа. Ауру астан емес, удан келгенін жеткізген олар айыбымыз жоқ деп ақталып әлек.

Аңсар мен Анардың отбасы неше күннен бері қайғы жамылған. Қос перзентінің кішісі, 2 жасар Сезім қапыда көз жұмды. Балалар екі күн бұрын шауырма жеген екен. Ауруды да содан тапты дейді ата-анасы. Бірақ ауруханаға апарғанымен, ондағылар немқұрайлы қараған.

“Онда регидрон іш дейді. Аузына құям, ұйықтап жатыр. Сосын  көмектесуін сұрап кезекші медбикеге жалындым.  Ақшасын берейін, система салшы деп едім: «Сен дәрігерге бар» деп  қуып жіберді, – дейді Сезімнің анасы Анар Құлбаева.

Сөйтіп, жазып берген дәрі-дәрмектерден дәрмен болмапты. Ал кішкентайдың жағдайы одан сайын ушыға берген. Бұдан шошыған әке-шешесі дәрігерлерден жансақтау бөліміне қабылдауын сұраған. Кейін Сезім сол бөлімге ауыстырылғанымен, кеш қалыпты.

“Таңға жақын қызым  өліп қалды дегенді естідім. Мен одан кейін есімді білмеймін. Жылап айғайлағанмын. 3 рет жалындым, реанимацияға жатқызыңдар деп. Басқа ауыр науқас балалар болды деп қабылдаған жоқ. Не деген сөз ол, не масқара мынау?!”, – дейді Сезімнің анасы Анар Құлбаева.

Ал дәрігерлер бұл жөнінде басқаша сөйлеп отыр. Айтуларынша, қыз астан емес, құрт-құмырсқаға қарсы себілген дәріден улануы мүмкін. Өйткені қайғы жамылған отбасының көршісі бір күн бұрын сондай дәрі сепкен екен.

“Шетінеген соң біз дереу тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына хабар бердік. Олар барып үйін тексеріп, бірінші қабатта шынымен де хлор мен фтордың мөлшері асып кеткені туралы сараптама қорытындысын шығарды. Әке-шешесі де бұл туралы бала шетінегеннен кейін барып айтты”, – дейді Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігері Сару Ермұханова.

Бұл ауруханада балалардың қайтыс болып отырғаны бір бұл емес. Биыл көктемде ғана бір отбасы уланудың кесірінен 4 және 6 жасар ұл-қызынан айрылған. Ол жәйтке қатысты да әлі кінәлілер анықталған емес. Десе де, енді мына жағдайдан кейін іспен полиция мен прокурорлар айналыса бастады. Ал Анар Құлбаеваның үлкен ұлы Аңсардың беті бері қарап, ауруханадан үйіне жіберілген.

Талқылау