Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау полициясы есірткіге есі кеткен 19 жастағы қызды ұстады

Ақтауда соңғы екі күнде төрт адам марихуанамен ұсталған. Олардың ішінде ауылдан қалаға енді келген 19 жастағы қыз да бар.

1454944719

Сурет ganjalive.org сайтынан алынды

Бұл туралы lada.kz сайты хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, Мұнайлы ауданының 19 жастағы тұрғыны 7 ақпан күні 11 ықшам аудандағы 19 үйдің қасында түнгі сағат 03.30 шамасында ұсталған. Түнделетіп жүрген қыз тәртіп сақшыларының күдігін тудырған. Ол аулаға кіріп, жанында ешкім болмаса да біреулермен сөйлескен.

Сақшылар қызды наркология бөліміне жеткізіп, анықталғандай оның марихуана тұтынғаны белгілі болады. Өз-өзіне келген ауыл тұрғыны оған бір танысының шегіп көр деп ұсынғанын айтқан. Танысы бұл шөп саған керемет көңіл-күйден басқа ештеңе әкелмейді деп сендірген. Нәтижесінде, екеуі марихуананы үш сағат бойы шегіпті. Дәрігерлердің көмегімен қыз наркологиялық мастықтан айыққан.

Тағы бір есірткі тұтынған Мұнайлы ауданының тұрғыны 12 ықшам ауданындағы 47 үйдің қасында қолға түсіпті. 25 жастағы қыз үй жанында отырып есірткі шеккен.

Құрықталған қыздар өздерінің есірткі тұтынғандарын, бірақ оны тасымалдаумен айналыспайтындарын айтқан. Қазір құқық қорғаушы органдар қылмыстық құқық бұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстарымен айналысып жатыр. Оларға кем дегенде 100 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынып немесе түзеу жұмыстарына жегіледі. Есірткі тұтынып ұсталған қыздар 45 тәулікке дейін қамалуы да мүмкін.

«Соңғы кездері осындай жағдайлар жиілеп кетті. Ауылдан келген қыздар қалалық жігіттермен танысады. Ал олар наркотик ұсынып басын айналдырады», – дейді полицейлер.

Осындай жағдайлармен 23 және 30 жастағы Ақтау тұрғындары да ұсталған. Олар көше бойында есірткі тұтынып отырып тәртіп сақшыларының көзіне түскен.

Талқылау