Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақша төлемегені үшін намысқа тиетін мұғалімдер болады": Ата-аналар ақша төлеп қатыстыратын жарыстарға қарсы шықты

Мектептердегі ақылы олимпиадаларға тыйым салу керек. Ата-аналар әр оқушыны міндеттеп қатыстырып, олардан ақша жинап қоятын мұғалімдерге қарсылық білдіруде.

oqushy

Олар шетелден сөзбе-сөз аударылған, мектеп бағдарламасына мүлдем сай келмейтін, бала түгілі үлкендер түсінбейтін тапсырмаларды не үшін береді деп ашынады. Одан бөлек, мұндай жарыстарды құр ақша жинаудың кезекті тәсілі деп бағалап отыр. Ата-аналардың ашуын тудырған бұл не қылған олимпиадалар? Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

"Пони", "British Bulldog", "Ақ бота", "Человек и природа", "Золотое руно", "Кенгуру" секілді байқаулар әрбір ата-анаға таныс. Тіпті, мұндай жарыстар оқу жылы басталса болды көбейіп кетеді. Жуырда әлеуметтік желіде бір ата-ана мұндай байқаулардың тым көбейіп кеткенін алға тартып, құзырлы органдар тексеруін талап етті. Ол мұндай жарыстардың балаларға берері шамалы дейді. Ең қызығы, оған қатысу үшін ең кемі 500 теңге төлеуің керек екен. 

"750 мың теңге бұл мектептен жинасаңыз, 150 мың теңге сіздің мектеп әкімшілігіне қалады деп солай анықтап жазған. Сондықтан, әрине де мектеп әкімшілігі де өздерінің пайдасы бар ма деп ойлаймын. Бірақ менің ойымша, балаларға ешқандай пайдасы жоқ. Ешқандай нәтиже болмаса, бұл тестті не үшін өткізеді, тек қана ақша жинау үшін", - дейді қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова. 

Бүгінде балаларға арналған 200-ге жуық олимпиада бар екен. Оны ұйымдастырушылар әр деңгейге сай етіп бөліп қойған. Балабақша, бастауыш мектеп, орта буын, жоғары сынып деп кете береді. Денін "Дарын" ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастыратын көрінеді. 

"Көп ата-ана білмейді де, сосын министрлікке хат жазады. түрлі блоктарға сұрақ қояды. Міне ол министерстрлік деп. Ол дұрыс емес. Қазір неше түрлі ЖШС, ЖК деген өте көп. Ал "Пони" дегендерді өткізбейміз. Оны жекеменшік ұйымдар ұйымдастырады", - деді Дарын ғылыми-практикалық республикалық орталығы директорының орынбасары Шолпан Қирабаева.

Сонымен қатар қалалық пәндік олимпиадаларды өткізетін тағы бір мекеме бар. Олар аталмыш жарыстар арқылы дарынды, білімді балларды іріктейді. Бәрі су тегін. 

"Ең негізгі біздің олимпиадамыз ол жалпы білім беретін пәндерден пәндік олимпиада. Яғни, 15 пән бойынша өтетін. Оның мектепішілік кезеңі болады, одан кейін аудандық кезең өткіземіз. Балаларды біртіндеп сұрыптаймыз. Жақсы резерв дайындау үшін республикалық және халықаралық олипиадаға шығатын балаларды дайындау үшін осындай іріктеу кезеңдері жүргізіледі", - дейді "Астана дарыны" дарындылықты дамыту және пихологиялық сүйемелдеу орталығы директорының орынбасары Гүлбахыт Бұралқиева. 

Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында, білім және ғылым министрлігіне де сауал жолдадық. Олардың сөзінше, мемлекет бақылауында тек бір ғана мекеме құзыретінде. Ал қалғаны жекеменшік. Сондықтан да бұл байқаулар ешкімге бағынбайды. 

"ҚР Білім және ғылым министрілігі бекіткен №514 бұйрығына сәйкес олипиадалар тізімі бар. Соған ғана бақылау жасайды. Ал жеке меншік ұйымдардың өткізетін олимпиадалары, сайыстары, конкурстары, ол министрдің бақылауында емес. Ал жеке меншік компанияларының өткізетін олимпиадалрға қатысу ол әр ата-ананың өз еркінде", - дейді мектепке дейінгі орта білім департаментінің бас сарапшысы Айгүл Жұмағұлова. 

Осылайша, баланың көкжиегін кеңейтіп, қосымша білім беруі тиіс болған байқаулардың басым көбі Ресейде, Еуропадан келген. 

Ақшаны да сертификатты да дәл осы елдің мекемесі сізге тапсырады. Өкініштісі олардан келген мақтау қағаздары мен медальдардың біздің елде еш күші жоқ. Яғни, балаға мектепте абырой алып келмейді дейді мамандар. Қалай десек те, баласын олимпиадаға қатыстыру, не қатыстырмау әр ата-ананың өз еркінде.Әркім өзі шешуге құқылы. Бірақ... 

"Қатыспасаң, сенің балаңды бөлек отырғызып қойып, сенің анаң ақша берген жоқ дейтін мұғалімдер болады. Баланың намысына да тиеді. Олар неге қатысады, ал мен неге қатыспаймын? Ол кішкентай ғой әлі", деді қоғам белсендісі. 

Мұндай халықаралық жарыстардан түсетін ақшаны есептек көрейік. Дерекке сүйенсек, 2018-2019-шы оқу жылында елімізде 3 млн 186 мыңнан астам бала мектепте оқиды екен. 

Егер де олардың ең кемі үштен бірі осындай жарыстарға қатысады деген күннің өзінде, ең  арзан байқауға төленетін 350 теңгені көбейтіңіз. 371 ммллионнан астам ақша жиналады. Ал бұл қаражаттың кімнің қалтасына кетіп жатқаны беймәлім.

Талқылау