Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та тұратын қазақ қызы: Күнделікті киімімнің өзінде жоқ дегенде бір ою бар (фото)

АҚШ-та қазақ ұлтының бірқатар өкілі тұрады: отбасын құрып, болашағын жоспарлайды. Өзге елде тұру өмір салты қандай? Үй болып кету қаншалықты қиын? Бала тәрбиелеу ше?

Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында Stan.kz тілшісі АҚШ-тың астанасы Вашингтон аймағында тұрып жатқан шырайлы Шымкенттің қызы, Семейдің келіні  Мәдина Көшербаевамен арнайы сұхбаттасты.

-Мәдина, сәлеметсіз бе. Қазір сіз екі баланың анасы, сүйікті жар, үлгілі келін, талайға арман АҚШ елінің тұрғынысыз. Барлығы бірден осылай топ ете қалмағаны белгілі. Сонымен, АҚШ-қа алғаш қашан келдіңіз?

-Сіздерге рахмет! Сұхбатты оқып, елдегі туыстарымыз қуанып қалатын болды (күліп). Мен АҚШ-қа  алғаш 2004 жылы «Work and travel» бағдарламасы бойынша келдім.

Келесі жылы дәл осы бағдарламамен қайта оралдым. Бірақ, бұл жолғы мақсатым оқуға түсу болғандықтан, жоғарғы оқу орындарына тапсырылатын сынақтарға көп көңіл бөлдім. Орайы түсіп, 2006 жылдың қысында Индиана штатындағы университетте журналистика мамандығы бойынша оқуымды бастадым.

-Басты мақсатыңыз АҚШ-та қалу болды ма?

-Жоқ, мен тек оқу үшін келдім. Бірақ, тағдыр басқа жолды ұсынды.

-Осы жақта тұрмысқа шығып, екі бүлдіршінді дүниеге әкелем деп ойламаған да сияқтысыз. Жұбайыңызды қалай кездестірдіңіз?

Иә, шынымен. Мен оқыған штатта қазақстандықтар ғана емес, тіпті ТМД елдерінен ешкім болмады. Елімді қатты сағынатындықтан, Вашингтонда ұйымдастырылатын шаралардан қалмауға тырысатынмын. Осындай жиындардың бірінде Ұланды (Мәдинаның жұбайы) кездестірдім. Мен ол кезде 2-курс студенті едім.

-Үйленуге бірден ұсыныс жасады ма?

-Жо-жоқ. Екі жыл бойы скайп арқылы тек дос ретінде араласып тұрдық. Ол Вашингтонда, мен Индианада, жұп болып кетуіміз мүмкін емес те еді. Бірақ, 2010 жылы бакалаврды аяқтаған соң, мен магистратураны Нью-Йоркте жалғастыратын болып шештім.

Дәл сол уақытта Ұлан да Нью-Йоркке көшіп келіпті. Алғашқы күндердің бірінде скайпта отырсам, Ұлан онлайн екен, бірден хабарлама жазып едім, жауап берді. Сол күні кездесіп, содан айырылмадық: жарты жылдан соң оның жары атандым.

-Ата-анаңыз қарсылық білдірмеді ме?

-Әрине, таң қалды. Бірақ, бірден қолдады. Ата-аналарымызбен алғаш скайп арқылы таныстық. Кейін сол жылдың жазында елге оралып, халқымыздың бар дәстүрімен тойымызды дүрілдетіп атап өттік. Ұланның жұмысы, менің оқуым АҚШ-та болғандықтан қайта оралдық. Келесі жылы тұңғышымыз Даниал дүниеге келді.

-Оқу, отбасы, Нью Йорк. Бәріне қалай үлгердіңіз?

-Иә, дұрыс айтасыз. Тұңғышымыз дүниеге келгеннен кейін Нью-Йоркте тұру мүмкін емес болды. Бұл қала тым қарқынды. Сәті түсіп, жолдасымды қызметімен Вашингтонға ауыстырды. Мен болсам, магистратураның тек екі семестрін аяқтап, оқуымды Вашингтонда IT мамандығы бойынша жалғастырдым. Қазір осы салада жұмыс істеймін.

-IT – ден журналистке мамандандыңыз ба?

-Иә, бұл мамандық – жалақысы жоғары төленетіндердің бірі. Жұмысты үйде отырып-ақ жасай бересің. Мен үшін өте ыңғайлы. Себебі, ұлымыз биылдан мектепке, қызымыз бала-бақшаға барады.

-Американдықтардың менталитеті мүлдем бөлек. Балаларыңызды қалай тәрбиелейсіздер? Болашақта ата тегін ұмытып кетеді деп қорықпайсыз ба?

-Мұндай қорқыныш мүлде жоқ. Себебі, балаларымыз жазғы демалыстарын ата-әжелерінің жанында Қазақстанда өткізеді. Жыл сайын. Ата-аналарымыз да жыл сайын, тіпті жылына екі рет келіп тұрады. Сондай-ақ, ұлым сенбі сайын қазақ мектебіне барады.

Біз Отанымыз, оның тарихы, шыққан тегіміз жайлы жиі айтып отырамыз. Ата-әжелерімен қазақша сөйлеседі. Үш тілді бірдей меңгеріп келеді. Сонымен қатар, Даниал елшілікке қарасты хорда әнші. Қазақша әндерді жатқа біледі.

Балаларымның балалық шағының осылай өтіп жатқанына қуанамын. Таңданатын шығарсыз, бірақ Америкада отбасылық институт жақсы қалыптасқан. Балалар үшін бар мүмкіндік бар. Олардың Отанын сүйетін патриот, инабатты, білімді болып өсіп келе жатқанына күмәнім жоқ.

-Жарайсыз. АҚШ-та қазақстандықтар жиі кездесіп тұрады ма? Әлеуметтік белсендісіздер ме?

-Иә, Наурыз, тәуелсіздік күні, айт мерекелері сайын да, күнделікті де жиі-жиі жиналып тұрамыз. Біздің шаңырақ қонақ күтуден шаршамайды.

Бұған ата-аналарымыз да қуанады. Балалрдың көпшіл болғаны жөн емес пе? Жолдасым да, мен де әлеуметті белсендіміз. Айтпақшы, жақында ғана «Гүлдер» би тобының бишісі атандым. Тобымыздың негізгі төрт бишісі бар.

Алғашқы рет Халықаралық банкте биледік. Наурыз қарсаңында тағы да, Вирджиниядағы үлкен сауда орталықтарының бірінде, 15 мыңдық аудиторияның алдында өз өнерімізді көрсетеміз. Бұл бастаманың  бәрі Айнұр есімді қыздың арқасы.

Костюмдерімізді арнайы Қазақстаннан алдырамыз. Барлығы әдемі тастармен көмкеріліп, қолмен кестеленген бұйымдар. Америкалықтар көргенде, таңданыстарын жасыра алмайды.

-Ұлттық киімді мерекелерде ғана киесіз бе?

-Ұлттық нақышты күнделікті киіп жүрген образдарыма да қолдануды жөн көремін. Себебі, мен Индианада оқып жүргенде «Борат» деген фильм енді шыққан еді. Айналамдағылардың бәрі «Бораттың» суреті салынған жейделерді киіп, фильмнің желісіне шын сенетін.

Жалғыз болғаныма қарамастан, мен саспадым. Ғаламтор арқылы Бораттың суреті салынған, бірақ үстінен сызылып тастаған, «Борат жоқ» деген мағынаны білдіретін жейдеге тапсырыс беріп, киіп жүрдім.

Университетте жыл сайын өтетін елдердің мәдениетін таныстыратын жиында, еліміз жайлы дұрыс ақпарат беріп, бәрін таныстырғанда, америкалықтар шын таң қалды. Осы оқиғадан кейін киіміме ұлттық нақышты қосу әдет болып кетті. Мақтан етемін.

-Ал, елге оралу жоспарда бар ма?

-Егер жолдасымның қызметі бойынша елге оралу керек болса, мүдірмейміз. Ертең болса да елге көшуге дайынбыз.

-АҚШ-та білім алып жатқан жастарға не дейсіз?

Жалпы, қазақ жастарына айтарым: оқыңыздар, ел көріңіздер, жер көріңіздер, жан-жақты болыңыздар. Күн сайын өсуге талпыныңыздар, өмір сондай қызық. Үйренгендеріңіздің бәрін елге оралып, көркеюіне үлес қосыңыздар. Болашақ біздің қолымызда деймін.

Сұхбатыңызға рахмет! Сізге тек сәттілік тілейміз.

Оқи отырыңыз:

Аша Матай мінезі жараспайтын күйеуімен қалай тіл табысып жүргенін айтты

Азамат Сатыбалды жұбайымен бір сахнада жұмыс істеуден бас тартты

Жазушы Дидар Амантай Гүлбаршын Тергеубековамен некеде болғанын жоққа шығарды

Дастан Оразбеков отбасымен бірге ауруханаға түсіп қалды

 

Талқылау