Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-қа үш айға барған Әйгерім – Symantec қызметкері атанды (видео)

Павлодар қаласындағы университеттердің бірінде 3-курста оқып жүрген Әйгерім Сеңгірбаев 2011 жылы студенттерге арналған Work and Travel бағдарламасымен үш айға АҚШ-қа оқуға барып, сол елде қалып қойған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды. FBF8D265-F9EF-4004-8E6A-3B70A124BBE8_w640_r1_s_cx10_cy9_cw77

"АҚШ-қа мың доллармен бардым. Сан-Францискода бір ай бойы жұмыс іздеп, кафелердің біріне даяшы болып жұмысқа тұрдым. Супермаркетте кассир болып та істедім", – дейді 25 жастағы Әйгерім. Ол Қазақстанда ағылшын тілі курсын оқығанымен, АҚШ-тағы алғашқы екі жылында тілден қатты қиындық көргенін айтады. Бірақ, тілден қиналса да Әйгерім АҚШ-тың өмір салтына келгенде ешбір ауыртпалық көрмепті. "Даяшы мен кассир болып жұмыс істеу де тіл үйренуіме көмек болды. Бірақ ағылшын тілін кино көру арқылы үйрендім. Күніне бір-екі фильм көруді мақсат етіп, соны орындап отырдым. Ағылшын тілін жетік білмесем, Америкада маған орын жоқ екенін түсіндім. Тілден қиналатын себебім 11 жасымда Қазақстанға Өзбекстаннан келген оралманмын. Орыс тілін Қазақстанда үйрендім. Басқа елге көшу мен жаңа елге үйрену маған таныс", – дейді ол. Әйгерім Сеңгірбаев 2014 жылы АҚШ-тағы жастарға арналған Year Up ұйымының білім бағдарламасын ұтып алып, алты ай бойы Сан-Францискода техникалық білім алған. Кейін америкалық компанияларда тәжірибеден өткен қазақ қызы ақпараттық қауіпсіздік және ақпаратты қорғау саласындағы әлемдік ірі компаниялардың бірі Symantec компаниясына жұмысқа тұрған. "Тәжірибеден өтіп жүргенде ұялмай барлығын сұрадым. Әріптестерім де көмектерін аяған жоқ. Жетістікке жету үшін қателесуден қорықпау керек. Қазір аптасына 40 сағат жұмыс істеймін, тапқаным өмір сүруге жетеді. Өмірде жеңіске жетуге үлкен септігін тигізетін – тіл білу. Өз тілінен бөлек өзге екі-үш тіл білетін адам жақсы жұмыс таба алады", – дейді Әйгерім. Ол Қазақстанда жүрсе, дәл осындай жетістікке жетіп, техникалық салада жұмыс істей аларына күмәнданады. "Себебі Қазақстанда техникалық мамандықтарға көбіне ер адамдарды алады. Ал АҚШ-та ер мен әйел адам кез келген жұмысты бірдей істеп кете алады деп біледі", – дейді Әйгерім. 2011 жылы кеткеннен бері Қазақстанға келмеген Әйгерім Сеңгірбаева Павлодардағы журналистика мамандығы бойынша 3-курсын аяқтаған оқуын қашықтан оқып бітірген. Қазір жұмысына баса көңіл бөліп жүргенін айтқан жас демалыс алған кезінде Алматы маңындағы Қаскелең қаласында тұратын әке-шешесінің үйіне келіп қайтпақ.
Талқылау