Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмолалық кәсіпкер өз иелігіндегі ғимаратты 32 млн теңгеге жөндеп, ауылдық әкімдікке берді

Ақмола облысында кәсіпкерлер ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысуда. Мәселен, Шортанды ауданына қарасты Дамса ауылындағы егін шаруашылығымен айналысатын серіктестік өз иелігіндегі екі қабатты ғимаратты 32 млн теңгеге жөндеп, оны ауылдық әкімдікке берген.

f70c8d26d6faaa77bd758891c20fe0cb_L

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Кәсіпкер берген ғимаратта қазір жергілікті полиция бөлімшесі, кітапхана, мұрағат, дәрігерлік амбулатория секілді бірнеше әлеуметтік мекеме жайғасқан. Жаңа ғимараттың жақсылығын әсіресе басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындары көріп отыр. Себебі, бұрын елді мекеннің медициналық қосыны өте ескі және тар ғимаратта орналасқан екен.

“Бұл ғимаратта бізге өте жайлы. Әр дәрігердің өз кабинеті бар. Күндізгі стационарға да кісілерді қабылдауға мүмкіндік алып отырмыз. Елді мекендегі 2 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеміз. Күніне шамамен 30 адам қаралады. Оларға да өте ыңғайлы”, – дейді әлеуметтік қызметкер Мақпал Ахмағанбетова.

Ауылдағы қарттар үйі де бизнес өкілдерінің қамқорлығын көріп отыр. Жергілікті кәсіпкер ғимаратқа 44 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, нысанға жаңа бөлмелер қосып беріпті. Қазір мұнда 40 шақты қария тұрады.

“Менің тұрып жатқаныма 16 жыл болды. Бұрындары бір бөлмеде 5-6 адамнан жататынбыз. Қазір екі адам боп тұрамыз. Ғимаратты жөндегеннен кейін кең, жақсы боп қалды”, – зейнеткер Эрна Гунь.

“Елдің жағдайы ғой. Елге неге көмектеспеске? Жағдай болып тұрса, көмектесуге болады халыққа. Алдымызда тағы жоспарларымыз бар осы ауылға монша салу деген. Мүмкіндігіміз болса, бидайымыз болса, неге салмасқа? Ел осы рахатқа батсын деп, қызығын көрсін деп отырмыз”, – дейді серіктестік директорының орынбасары Болатбек Асылбеков.

Бизнес өкілдері мұнымен шектеліп қалмақ емес. Шама-шарқылары келгенше ауылдың ішкі жолдарын да біртіндеп жөндеуді қолға алмақшы.

Талқылау