Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында мектеп-интернатта көз жұмған баланың анасы: Ұлым түсіме кіріп, өзі секірмегенін айтады

Ақмола облысында қайтыс болған баланың анасы тергеу жұмыстарының толықтай жүргізілуін талап етуде. Оның ұлы интернаттың 5-қабатынан құлап кеткен. Алайда анасы ұлының суицид жасағанына сенбейді, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Ақмолада мектеп-интернатта көз жұмған баланың анасы: Ұлым түсіме кіріп, өзі секірмегенін айтады

Айгүл Райымбекова таяуда ауруханадан шығып, қайғылы жағдайдан кейін аздап өзіне келген. Ол ұлының қазасынан кейін тілден айырылған екен. Ауыруханадан емделіп шыққаны осы. Ендігі ол шындық үшін шырылдап жүр. Оның 14 жастағы ұлы Дәурен 11 қыркүйекте түн ортасында Степногорскідегі дарынды балаларға арналған «Болашақ» мектеп-интернатының 5-қабатындағы терезеден секіріп кетіпті. Анасы қайғылы жағдайдан бірнеше сағат бұрын ұлымен телефон арқылы сөйлескен екен.

«Қоңырау шалып, хал-жағдайын сұрадым. Ол бәрі жақсы екенін айтты. Көңілді болды. Ол, тіпті, түсіме кіреді. «Өзім секірген жоқпын. Бұл туралы ойламаңыздар да», – дейді», – деді қайтыс болған оқушының анасы.

Сол түні бақылау камерасына түсіп қалған жазбадан да айтарлықтай ештеңе байқалмайды. Дәурен әдеттегідей өз кезегін күтіп, душ қабылдаған. Мұнан басқа ештеңе жоқ. Сондықтан тергеу өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу фактісі бойынша жүргізіліп жатыр. Қасақана өлтіру туралы мүлде айтылмайды.

11 қыркүйекте аспаз таңғы сағат 5:30-дардың шамасында жұмысқа бара жатып, интернат терезесінің түбінде жатқан баланың денесін көрген.

«11 күн бойы бірде бір тәрбиеші қарамаған балаларға. Заң бойынша олар жарты сағат сайын қарап отыру керек. Сенбеймін. Ол секірген жоқ. Ол баланы өлтіріп отыр. Бұнда  тәртіп жоқ», – дейді баласынан айырылған ана.

Ал педагогтардың сөзінше, Дәурен қайғылы оқиғаға дейін бір қыздың суретін жариялап, кемсіткен. Артынша кешірім сұрапты. Дәуреннің анасының болжамынша, тәрбиешілер баласымен дұрыс сөйлеспеген.

Дәуренмен бір бөлмеде тағы екі бала тұрған екен. Полицейлер олардан жауап алған. Алайда нақты ештеңе анықталмды. Қайғылы жағдайдан кейін мектеп-интернатты комиссия тексеріпті.

«Осы оқиғадан кейін қызметтік тексеріс болды.  Маған, орынбасарыма психолог маман мен тәрбиешіге қатаң сөгіс жарияланды. Тәрбиешінің екі көмекшісі қызметінен кетті. Басқа ештене айта алмаймыз,тергеу жүріп жатыр ғой», – дейді «Болашақ» дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының директоры Күлшира Тұрғанбаева.

Мұғалімдері қайтыс болған оқушының ақпейіл, алайда тұйық болғанын айтып еске алды.

Енді марқұмның туыстары мектеп-интернат қызметкерлерін,сотқа бермек. Қазіргі таңда өлімге итермелеу бабы бойынша іс қозғалған. Тағайындалған сараптамалардың қортындысы шыққан соң процессуалдық шешім қабылданады, дейді полицейлер.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау