Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында жылусыз қалған бір топ қарттар шу шығарды

Тұрғындардың жергілікті басшылардан үйлерін бу қазандығына қосуды сұрағанына оншақты жыл болған. Бірақ шенеуніктер оларды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға асығар емес. Ал мұнда негізінен байырғы геологтар мен кеншілер тұрады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Бұл үйлер бұрын бір орталықтан жылытылғандықтан пеш қойып мұржасын шығаруға шақталмаған.Үй иесі пешке от жаққан сайын түтінге тұншығып отырамыз дейді. Қыс қатты болғандықтан көбінесе көмір жағуларына тура келеді екен. Ыс тиіп талай тұрғын ауырып та қалған.

Тұрғындар әрбір қысты қорқынышпен қарсы алады екен. Өйткені отын-суды дайындау өз алдына, солтүстіктің 6 ай қысында көк түтінге тұншығумен болады. Бұл жағдайды айтып құзырлы орындардың табалдырығын тоздырғалы 10 шақты жыл болған. Оларға жылда құрғақ уәде беріп шығарып салады екен. Биыл да солай.

«Бізде әкімдер жылда ауысады. Біреуі уәде береді де, кетеді. Сосын екіншісі келеді. Осылайша бізді қинап жатыр. Бармаған, жазбаған жеріміз қалмады. Пеш мұржасын ауа кіретін тесіктен шығарып қойдық. Көршім от жақса, біз түтінге қақаламыз. Бұл пештің дұрыс жылуы да жоқ», – дейді Щучье қаласының тұрғыны Александр Шершаков.

Бұл ықшамауданда 3 жыл бұрын жаңа бу қазандығы салынған. Үйлеріміз сол жүйеге қосылар деп үміттеніпті тұрғындар. Бірақ олай болмады. Қарттарға, әсіресе, даладан көмір тасу қиын. Биыл қыс ызғары ерте түсіп, тіпті қиналып кеткен. «Біздің қандай күйде екенімізге ешкім қарамайды» дейді олар.

«Қазір қарттар айы деген шара жүріп жатыр ғой. Соған байланысты анау бір жақтағы дүкенге тіркелдің деп айтты. Өмір бойы еңбек еткен адаммын. Енді дүкенге қалай барып қол жаямын?» – дейді Щучье қаласының тұрғыны Роза Тукубаева.

Жылу іздеп қамыққан қарттарды тыңдауға атқамінерлер келді. Қала әкімі бірден қарттарға қарсы сөйледі. Мейрам күнінде әрқайсысын барып құттықтауға міндетті емеспін дейді.

«Ол үшін бұл кісілердің балалары бар. Мен неге құттықтауым керек? Қарттар күні болса, өз анам бар, сол кісіні құттықтаймын. Қызық екенсіңдер, мемлекетке әбден сеніп алғансыңдар», – дейді Щучье қаласының әкімі Бекахмет Махметов.

Ал оның қоластындағы қызметкердің нақты жылуға қатысты жауабы мардымсыз. Заңдарды түсіндіріп әлек болды.

«Біріншіден бұл кісілерге заң бойынша құжаттар дайындау керек. Техниалық кепілдікті к берген соң біз кірісеміз  желіні тартуға. Келесі жылы болады деп ойлаймын», – дейді Бурабай аудандық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайыргелді Мусин.

Сол баяғы «болады». Осындай жауап алған тұрғындар бұл басшылардан да қайран болмасын түсініп, үйлеріне тарқасты.

Жіберіп алмаңыз:

Ұшағы апатқа ұшыраған «East Wing» компаниясының тағы бір былығы әшкере болды

“Зекет” қоры мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті

Көмір тапшылығы: Қазақстандықтар күн суығанда үйді қалай жылытарын білмей отыр

Атыраулық көпбалалы ана 31 жылдан бері құжатсыз жүр

Талқылау