Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында жас босанған келіншек сәбиін қолына алып, атын қойғаннан кейін қайтыс болып кетті

Ақмола облысында жас келіншек босанғаннан кейін көз жұмған. Сот-медициналық сараптама нәтижесін көрген марқұмның туыстары дәрігерлердің біліктілігіне күмән келтіріп отыр. Жас босанған келіншек сәбиін қолына алып, ат қойып үлгерген. Алайда аяқ астынан жүрегі тоқтап қалыпты. Дәрігерлер осылай деп отыр.

Ақмола облысында жас босанған келіншек сәбиін қолына алып, атын қойғаннан кейін қайтыс болып кетті

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

25 жастағы Айгерімнің жүктілігінің соңғы кезеңінде аяқ астынан қан қысымы көтерілген. Артынша Көкшетаудағы перинаталдық орталық дәрігерлері оны босандырып алуды жөн көрген. Алайда дені сау баланы дүниеге әкелген келіншек аяқ астынан қайтыс болыпты.

«Оған ауа жетпей, жүрегі тоқтап қалғанын айтты. Жатсам да жылаймын, тұрсам да жылаймын», – дейді марқұмның анасы Айгүл Шоқаева.

Айгерім босанған кезде жанында абысыны болыпты. Сәбиін босанғаннан кейін келіншекке тағы да наркоз берген.

«Қан кетіп жатты. Дәрігерлер қанның жатырдан немесе жыртылып кеткен жерінен кетіп жатқанын білмеді. Оған тағы да дәл сондай наркоз берген.  Тағы да ұйықтатып, тігіс сала бастады», – дейді марқұмның туысы Алтынгүл Шоқаева.

Айгерімнің қазасынан 40 күн өткен. Туа сала анасынан айырылған сәбиді әкесі мен әжесі тәрбиелеп жатыр.

«Тамақ ішіп, ұйықтайды. Дәрігерлерге көрсеттік. Денсаулығы жақсы. 40 күннің қалай өткенін білмей қалдым», – дейді марқұмның күйеуі Жасұлан Бексұлтанов.

Десе де марқұмның отбасы сот-медициналық сараптаманың нәтижесі шыққаннан кейін дәрігерлердің біліктілігіне күмән келтіріп отыр. Сараптама нәтижесінде келіншектің ішіне қан кету салдарынан қайтыс болғаны көрсетілген. Ол өмірі үшін 14 сағат бойы күресіпті.

«Өлімінің бірінші себебі – жүрегі тоқтап қалғаннан. Алайда біз сараптама нәтижесімен танысқаннан кейін, оның босанған кездегі жыртылу салдарынан қан кетіп, қан кету шогын алғаннан қайтыс болғанын білдік. Дәрігерлер салғырттық танытты деп ойлаймыз. Айгерімнің өмірі солардың қолында болды. Олар өмірін құтқара алмады», – дейді марқұмның туысы Салтанат Бейсембаева.

«Мұндай жағдайда қан талдауын және УДЗ жасайды. Бұл зерттеулер көп қан жоғалтқанын көрсеткен жоқ. Мәйітті сою нәтижесі бойынша тексеріс жүргізіп жатқан қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің шешімін күтетін боламыз», – облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болат Әбішев.

Ал Айгерімді босандырған акушер-гинеколог департамент шешімін күтпестен жұмысынан шығып кеткен.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау