Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында терроризм бойынша төрт күдікті іздестіріліп жатыр

Облыстық прокуратура іздеуде жүрген адамдардың облыс аумағында қылмыстық әрекет жасағандарын және азаматтарды өздерінің әрекетіне араластыруға тырысқан деп жариялады. Бұл туралы Ақмола облыстық прокуратурасы үшінші басқармасының аға прокуроры Талғат Ысқақов хабарлап отыр.

7Dy90rp1V9nQ

Фото: diapazon.kz

Алғашқы жарты жылдықтың өзінде қылмыстық істерді қарайтын органдар терроризм және экстремизм дерегі бойынша 5 сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын бастаған. Ысқақов қазір ол деректер бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

“Терроризм Ақмола облысында айналып өтпеді. Аймақ аумағында террористік қылмыс жасады деген күдікпен 4 адам іздеуде. Терроримзнің біздің қоғам үшін бас ауруға айналып бара жатқанын ескере отырып, оларға лайықты түрде қарсы тұрып, жолын бөгеп, алдын алуға тиістіміз. Терроризммен күресу үшін әр азамат құқық қорғау органдарына көмек көрсетіп, күдіктілер туралы хабарласа құба-құп”, – дейді прокурор.

Ол терроризмнің қоғамға қара бұлт төндірер қауіпті құбылыс екендігін айтып, оның зардабын мүлде кінәсі жоқ адамдар тартуы мүмкін екенін де ескертті.

Соңғы екі айда Қазақстанда екі теракт болды. 5 маусымда қарулы топ Ақтөбеде бірнеше қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасап, нәтижесінде әскерилер мен полицейлер қаза тапқан. Содан кейін қалада террористік қауіптік “қызыл” деңгейі жарияланған. Ел билігі Ақтөбедегі қантөгіс шет елден ойластырылған шаруа деп те мәлімдеген еді. Жалпы, 8 адам қаза тауып, 38 адам жараланды.

Ал 18 шілде күні Алмалы аудандық полиция басқармасына, сосын ҰҚК департаменті ғимаратына шабуыл жасалды. Нәтижесінде 6 адам қаза тауып (үш полицей, бір шекара қызметкері және бір бейбіт тұрғын), 8 адам зардап шекті. Билік аталған оқиғаға теракт деп баға берді. Ал ұсталған күдікті бұрын сотталған 26 жастағы Қызылорда облысының тумасы екен.

Біраз уақыт бұрын ғана ішкі істер министрі қаскөйдің полициядан кек алмақ болып шабуыл жасағанын айтты. Кейінірек қалада болған атыстың бейнежазбасы да пайда болды.

Талқылау