Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында малынан айырылған жұрт ұрыларды ұстап бергендерге 1 миллион теңге сыйақы бермек

Астана маңындағы ауылдар барымтадан сорлап отыр. Мал ұрысы күз түскелі тіпті еркінсіп алған. Ал тәртіп сақшыларынан күдер үзген шаруалар, түн ұйықтамай дала кезіп жүр, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Алда соғым маусымы қызатын шақ. Сондықтан, ауылдағы ағайын екі аяқты жыртқыш тынбай жортуылға шығады деп қорқынышпен қысты күтіп отыр. Ұрыны тоқтатқанға тіпті миллион теңге сыйақы беруге де бар. Астанадан 25 шақырым жердегі Тайтөбе ауылы тұрғындарының түн ұйқысы қашқан. Күз келіп, мал күйленгелі маңайды ұрылар торуылдап жүр. Азат Құрманбаев ата кәсіпті он жылдан бері қолға алған. Маңдай термен өсірген 20 бас малы бір түнде жоқ болыпты.

“Жарты үйір жоғалған. Нақты 10 бие, 9 жабағы, бір айғыр. Ауылда бір кісі пайда болды. Сол кісі білмеймін, шақыртып жатқан шығар жан-жақтан ұрыларды”, – дейді Тайтөбе ауылының тұрғыны Азат Құрманбаев.

Жылқысын ұрыдан торып, түн ұзақ дала кезетін жігіт көрген-білгенін полицейлерге жазып беріпті. Бірақ нәтиже жоқ. Шаруаның шығыны 6 млн теңгеден асады. Он ту биені қайта өсіру үшін кемі 5-6 жыл керек. Жылқы жоғалып, шағым берілген күннен бастап бір апта уақыт өтті, бірақ ешқандай жаңалық жоқ. Ендігі жерде шаруа мына үйінің жанында тұрған сауынды елу бас бие үшін алаңдаулы. Ұрылар үйге түсуден де тайынбайтын сынды. Осыдан екі ай бұрын Азаттың көршісінің жылқысын көше бойынша атып алып, етін талап әкеткен.

“Аяқ пен ішек қарыны ғана жатыр. Сосын полиция шақырдық. Табылған жоқ, іздестіріп жатыр”, – дейді Тайтөбе ауылының тұрғыны Рустам Есенбаев.

Полиция іс бітірмеген соң, ауылдықтар ұрының басына болмаса да, ол туралы ақпаратқа миллион теңге тігіп отыр. “Көрген, естіген адамдар бар шығар. Егер ұры жайлы ақпарат берсе, Мен өзім бір бие беремін, көршіммен сөйлескем, ол да бір бие беремін деді. Енді мына ұрлықты тоқтату керек”, – дейді Тайтөбе ауылының тұрғыны Азат Құрманбаев.

Ұрлықтың өршіп тұрғанын әкімдер де біледі. Прокурор, полицейлермен күш біріктіріп, барымташыларды күн-түн аңдуға шыққан. Алайда бір көлікке өңгерілген қарауыл қора-қораны араламай, ауыл сыртында ұрларды аңдып қана тұрады дейді тайтөбеліктер.

“Ауылда  50 мыңдай халық тұрады. Осы адамға  5 учакелік инспектор бөлінген.  Норматив бойынша 2500 адамға  бір инспектор  болуы керек. Штат жетіспейді”, – дейді Қосшы ауылдық округінің әкімі Дінмұхаммед Қалиев.

Жиырма сақшының жұмысын бес инспектор шамасы келгенше сүйреп жүр. Елу мың халықтың тыныштығы мен қора-қора малдың бүтіндігіне жауапты полицейлердің журналистермен тілдесуге уақыты да, зауқы да жоқ. Іздеп жатырмыз деп шығарып салды.


Жіберіп алмаңыз:

Азғындық жасады деп айыпталған мұғалімді ақтап қол жинаған ауыл тұрғындары биліктен көмек сұрайды

ОҚО-да мас полицейдің кесірінен оның басшылары түгел жұмыстан қуылды

Алматыда сауда үйінің 3-қабатынан құлаған сәбидің анасы оқиғаның қалай болғанын айтты

Шекарадағы жағдай: Сағынтаев Қырғызстанға 5 шарт қойды (видео)

Талқылау