Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында қызылша дерті дәрігерлердің өзіне жұға бастады

Ақмола облысында қызылша дертіне шалдыққандарды емдеп жүрген дәрігерлердің өзі ауру жұқтырып алған. Мамандардың сөзінше, олардың науқастануына қызылшаға қарсы екпе салынбағаны немесе иммунитетінің төмендеуі себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Ақмола облысында қызылша дерті дәрігерлердің өзіне жұға бастады

Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Әсем Төлеубаеваның мәліметінше, бүгінде 6 дәрігер қызылша ошағындағы адамдармен қарым-қатынаста болғаны анықталған. Оларға ем-дом жасалып, медициналық бақылауға алыныпты.

Ал мамандар ақ халаттылардың дертті жұқтыруына қызылшаға қарсы екпе алмағаны немесе иммунитетінің төмендеуі себеп болуы мүмкін екенін айтып отыр.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында 77 адам қызылша дертін жұқтырған. Науқастанғандардың бәрі есепке салынып, ауру ошақтары залалсыздандырылды. Сонымен қатар дәрігерлерге індетке қарсы екпе жасаудың тиімділігі туралы түсіндірілуде.

Ал еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ендігі қызылшаға қарсы екпені сәбилерге 1 жастан бастап емес, 9 айынан салуды қолға алмақ. Себебі ауру жұқтырған сәбилердің дені жасқа толмаған екен.

«Елімізде осы аурудың көтерілуі байқалып жатыр. Былтырғы жылдың қараша айынан бастап зерханалармен расталған 1 мыңға жуық жағдай тіркелді. Толығымен вакцинация жүргізу үшін вакцина бар. Тағы  100 мың вакцина сатып аламыз», – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау